Мемлекет басшысы Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдады

0
2 319

Үкімет басшысы еліміздегі санитарлық-эпидемиялық ахуалдың бақылауда екенін жеткізді.


Мемлекет басшысы Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі санитарлық-эпидемиялық ахуал мен әлеуметтік-экономикалық дамудың өзекті мәселелері туралы баяндалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Асқар Мамин еліміздегі санитарлық-эпидемиялық ахуалдың бақылауда екенін жеткізді.

Премьер-Министр Президентке коронавиурсқа қарсы вакциналар жөнінде мәлімет берді. Қазіргі уақытта отандық QazCovid-in вакцинасы клиникалық сынақтың ІІІ сатысынан өткізіліп жатыр. Оның алдын ала тиімділігі 96 пайызды құрайды. «Спутник V» вакцинасының сапасы аттестациядан өткізілуде. Сондай-ақ GMP стандарты бойынша вакцина шығаратын биофарм зауытының құрылысы жүргізілуде.

Асқар Мамин Қасым-Жомарт Тоқаевқа 26 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген отырысына дайындық барысы жайында айтты. Мемлекет басшысының төрағалығымен өтетін жиында еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы кезеңде атқарылатын міндеттер қаралмақ.

Кездесу барысында экономикалық өсімді қалпына келтіру, инвестиция тарту, халықты жұмыспен қамтуды қолдау, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басқа да өзекті мәселелері жөніндегі шаралар талқыланды.

Мемлекет басшысына тұрғын үй құрылысының даму қарқыны туралы мәлімет берілді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша тұрғын үйлерді пайдалануға беру көлемі 16,8 пайызға артып, 15,3 миллион шаршы метрге жеткен. Қолжетімді баспана құрылысының көлемін ұлғайту, тұрғын үй құрылысы мен жалға берілетін тұрғын үй нарығына жеке инвестицияларды тарту мәселелеріне баса мән берілген.

Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет 2020 жылы бюджет саласындағы 883 мың қызметкердің еңбекақысын өсірген. Атап айтқанда 609 мың педагогтың жалақысы 25 пайызға, 215 мың медицина қызметкерінің еңбекақысы 30 пайызға дейін, мәдениет, архив және өнер саласындағы 34 мың қызметкер мен әлеуметтік қорғау саласындағы 25 мың қызметкердің жалақысы 50 пайызға дейін көбейген.

Президент биыл да бюджет саласындағы 1 миллион 70 мың қызметкердің еңбекақысын, оның ішінде, 785 мың педагогтың жалақысын 25 пайызға, 247 мың медицина қызметкерінің еңбекақысын 30 пайызға, әлеуметтік қорғау саласындағы әлеуметтік-медициналық мекемелердің 38 мың қызметкерінің жалақысын 45 пайызға дейін арттыру жұмысын жалғастыру аса маңызды міндет деп есептейді.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Үкіметке Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа биылғы төрағалық қызметінің жоғары деңгейде атқарылуын қамтамасыз етуді міндеттеді. Бұл көпжақты еуразиялық интеграцияның дамуына тың серпін береді.