Мемлекет басшысы ЮНЕСКО-ның бұрынғы Бас директоры Одрэ Азулені Qoja Ahmet Yasaui орденімен марапаттады

0
95

ЮНЕСКО-ның бұрынғы Бас директоры Мемлекет басшысына жоғары марапат тапсырғаны үшін алғыс айтты.


Мемлекет басшысы ЮНЕСКО-ның бұрынғы Бас директоры Одрэ Азулені Qoja Ahmet Yasaui орденімен марапаттады

фото: Ақорда

ERNUR.KZ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Одрэ Азуленің ЮНЕСКО Бас директоры ретінде атқарған қызметіне жоғары баға берді, деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.

– Сіздің парасатты әрі мықты басшылығыңызбен ЮНЕСКО диалог пен ынтымақтастық алаңы ретіндегі рөлін арттыра түсті. Жаһанда бағдарсыздық пен қақтығыстар белең алған кезде Сіз білім мен мәдениет бейбітшілікті нығайтатын маңызды құрал екенін ұдайы дәлелдеп келесіз. Еліміздің бай тарихи және мәдени мұраларына назар аудару арқылы өзара серіктестікті кеңейтіп, жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал еттіңіз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Одрэ Азуле Қазақстанның бірегей мәдени құндылықтарын, тарихи ескерткіштерін, зияткерлік мұраларын сақтауға және олардың халықаралық деңгейде танылуына ерекше үлес қосқанын атап өтті.

– ЮНЕСКО-ның бастамалары мен бағдарламалары арқылы әлемдік қоғамдастық Қазақстанның Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен бастап, Ұлы даланың мәдени кеңістігіне дейінгі қайталанбас мұраларымен таныс болды. Сондықтан Сізге Qoja Ahmet Yasaui орденін тапсыру – мен үшін зор мәртебе. Сіз Қазақстанға, әсіресе, халқымыз үшін орны айрықша Ясауи кесенесіне қатысты үлкен іс атқардыңыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ЮНЕСКО-ның бұрынғы Бас директоры Мемлекет басшысына жоғары марапат тапсырғаны үшін алғыс айтты.

– Президент мырза, маған көрсеткен айрықша құрметіңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Менің Қазақстанға алғашқы сапарым Қожа Ахмет Ясауи кесенесімен тығыз байланысты. Бұл орынның тарихи ғана емес, рухани құндылығын терең сезіндім. Сол себепті ұлы ойшыл атындағы орденмен марапатталғаныма қуаныштымын, – деді Одрэ Азуле.