Мемлекет басшысының Жолдауы: Цифрландыру – болашақтың кепілі

0
77

Шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған соңғы Жолдауына арналды.


Мемлекет басшысының Жолдауы: Цифрландыру – болашақтың кепілі

ERNUR.KZ. ҚХП «Экономиканы жаңа талаптарға сай басқару. Қоғамды одан әрі демократияландыру және Әділетті Қазақстан қағидаттарын жүйелі түрде орнықтыру» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған соңғы Жолдауына арналды. Отырыстың модераторы Мәжілістегі ҚХП фракциясының жетекшісі, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, депутат Магеррам Магеррамов болды.

– Бүгін біз Жолдауда айтылған негізгі бағыттарды саралап қана қоймай, оны жүзеге асырудың нақты тетіктерін де талқылаймыз деп сенемін. Бұл жиын ашық пікірталас алаңына айналары анық, – деді депутат.

Талқылау барысында қатысушылар Президент сөзіндегі маңызды тұстарға жан-жақты тоқталып, тапсырмаларды жүзеге асыру бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Әсіресе, елдің барлық саласына цифрландыруды енгізу, Парламент реформасы, құқықтық, экономикалық және саяси жүйені жетілдіру, заманауи әрі прогрессивті қоғам құру мәселелері көтерілді. Жиынға депутаттармен қатар мемлекеттік орган қызметкерлері, кәсіпкерлер, азаматтық белсенділер, қоғам өкілдері мен сарапшылар қатысты.

«AMANAT» партиясының депутаты Марат Башимов жасанды интеллекттің (ЖИ) мүмкіндіктері мен тәуекелдерін мұқият зерттеу қажеттігін айтты. Оның ішінде – ЖИ жүйесін басқару, азаматтардың денсаулығына ықпалы, жоғары технологияларды әскери мақсатта пайдалану секілді бағыттарға назар аударуды ұсынды. Депутаттың пікірінше, отандық цифрландыруды дамытуға ерекше көңіл бөліп, бұл іске жастарды тарту маңызды.

– Жасанды интеллект – кез келген ел экономикасының қозғаушы күші. Біздің қазақ тілінде өз платформаларымыз, өз серверлеріміз болуы қажет, – деді ол.

«Ауыл» партиясының депутаты Анас Баққожаев ауыл шаруашылығы саласында субсидиялау есебін жүргізуге ЖИ-ді қолдануды ұсынды.

– Президент ЕАЭО елдерімен салыстырғанда субсидиялау деңгейі бойынша біз айтарлықтай артта қалып отырғанымызды нақты айтты. Бұл біздің фермерлердің бәсекеге қаблетті болуына кедергі келтіреді. Кәсіпкерлерді толыққанды цифрлық ортаға бейімдеуге дайын болуымыз керек, – деді Баққожаев.

ҚХП депутаты Ирина Смирнова болса, цифрландыру жемқорлықпен күрестің пәрменді тетігіне айналатынын жеткізді.

– Барлық қаржы қозғалысы ашық көрсетілсе, қаражаттың тиімді әрі мақсатты жұмсалуын бақылау жеңілдейді, – деді ол.

Сонымен қатар «Атамекен» ҰКП өкілдері, салалық қауымдастықтар, үкіметтік емес ұйымдар да өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын білдірді.