Мемлекетке қазір батыл менеджерлер керек - Елбасы

0
701

Елбасы дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде тиімді жұмысты жолға қою керектігін еске салды.


Мемлекетке қазір батыл менеджерлер керек - Елбасы

ERNUR.KZ. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін бірегей амал-әдіс керектігін мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Ең бірінші кезекте дағдарысқа қарсы шаралар кешенін жүзеге асыру керек. Қолдаудың бәрі бизнес пен халыққа жетуі үшін әрбір теңгені қадалағау керек. Қазірдің өзінде экономиканы қалпына келтіру мен дағдарыстан кейінгі даму бағдарламасын бастай берген абзал. Негізгі салалар, болашақ экономикасы, қалалар мен ауылдарды, әлеуметтік сала мен қаржы жүйесі бойынша бағыттарды айқындау керек», - деді Елбасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында.

Елбасы дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде тиімді жұмысты жолға қою керектігін еске салды.

«Қазақстанға – бірыңғай орталықпен әрі стратегиялық және операциялық нақты жоспар бойынша басқарылатын тиімді корпорация тұрғысынан қарайтын уақыт жетті. Мемлекеттік басқарушылардың бәрі – ауыл әкімінен бастап Үкімет мүшесіне дейін өз жұмысын қайта қарап, нақты нәтижеге жетуі тиіс. Мемлекетке экономиканы қалыпқа келтіріп, жұмыссыздықты азайтып, халықты қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды қабылдауға әзір батыл менеджерлер керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сөз соңында Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы елдің дамуын уақтылы көре білу – 2020 жылғы дағдарыстан аман өтіп қана қоймай, бүкіл мемлекетті пайдаға кенелтер басымдық беретінін жеткізді.

«Біз бұл дағдарысты еңсеретінімізге сенімдімін. Әкімдер, министрлердің бәрі де жауапты. Үкімет мемлекеттік бағдарламалар мен дағдарысқа қарсы шаралардың тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз етуі тиіс. Бүкіл халыққа айтарым: осынау шаралар легін қолдап, бірлік танытып, ынтымақ пен тәртіп сақтау керек. Жұмыстың бәрі де халықтың қамы үшін жасалып жатыр», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.