Мемлекетке жемқорлардан 111 млрд теңге залал келген

0
236

Бұл былтырмен салыстырғанда 2 есе көп.


Мемлекетке жемқорлардан 111 млрд теңге залал келген

ERNUR.KZ. Жыл басынан бері жемқорлықтан бюджетке 111 млрд теңге залал келген. Шығынның 96 миллиарды қызметін асыра пайдалғандардан келсе, 2 миллиард алаяқтық жолмен жымқырылған. Қазір ұрланған қаржының 5 жарым миллиард теңгеден астамы өз еркімен қайтарылды, деп жазады kaz.inform.kz.


Кейінгі 3,5 жылда жемқорлар жол құрылысына бөлінген қаржының 9 миллиард теңгесін қалтаға басқан. Тек былтыр 5 өңірдегі сметалық құжатта 5 миллиард теңге артық көрсетілген. Салдарынан жолдардың сапасы сын көтермейді. Жаңа асфальттардың өзі бір жыл өтпей үгітіліп жатыр. Сондықтан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жол құрылысына қатысты мониторингті күшейтті. Шетелдік тәжірибеге сүйеніп, жағдайды реттеуді көздеп отыр.

“Біз қазір Мемлекет басшысының тапсырмасымен жол құрылысы кезіндегі жемқорлықты қарастырып жатырмыз. Бұл ретте Гонгонгтың тәжірибесін қолданбақпыз. Олар жобалық-сметалық құжаттаманы тексерудің, бірде бір шығын болмауының тың әдісін тапқан”, - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали.

Жомқорлық еліміздің ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім салаларында да белең алып тұр. Агенттіктің мәліметінше, жыл басынан бері 800 ден астам қылмыстық іс қозғалған. 600-дей адам ұсталды.

“Сыбайлас жемқорлықпен күресудің жалғыз жолы — заңсыз байыған мемлекеттік қызметкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту. Қазір олардағы мүліктің қайдан келгенін сұрасаң жеке басына қатысты мәселеге қол сұқтың деп айыпталасың. Сондықтан заңды өзгерту керек”, - дейді сарапшы Дидар Смағұлов.

Қазір тиісті заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр. Жаңа нормаға жемқорлардың жалпыға бірдей реестірі де енгізілуі мүмкін.

“Сыбайлас жемқорлық өршіп тұр. Мемлекеттік қызметкерлер жұмысқа өз туыстарын ғана алады. Бұл тұрғыда қылмыстық жауапкершілікті күшейту аса маңызды, - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Бәшімов.

Сарапшылар жемқорлықты түбегейлі жоймасақ та, азайтудың жолы — ашықтық дейді. Бірақ жемқорлардың өзі елдің дамуына кедергі жасап отырғанын түйсінбейінше жаза да, күрес те мәселені шешпейтіні анық…