Илон Маск "Википедияға" балама энциклопедиясын іске қосты

0
113

Grokiпedia іске қосылғанда онда шамамен 900 мыңға жуық мақала болды.


Илон Маск

ERNUR.KZ. Америкалық кәсіпкер Илон Маск Grokipedia атты жаңа онлайн-энциклопедияны таныстырды. Жоба өзін "Википедияға" бәсекелес платформа ретінде таныстырып отыр, деп жазады baq.kz.

Grokipedia.com сайты іске қосылғаннан кейін бірнеше сағат бойы сынақ режимінде жұмыс істеді. Алайда кейбір пайдаланушылар порталдағы қателіктер туралы хабарлаған. Қазіргі уақытта сайт 0.1 нұсқасында жұмыс істейді. Басты бетінде негізінен іздеу жолағы ғана бар: пайдаланушы сұрағын енгізген кезде алгоритм автоматты түрде ықтимал тақырыптарды ұсынады. Сұранысты растағаннан кейін жүйе қызықтырған тақырып бойынша бірнеше мақала нұсқасын көрсетеді.

xAI компаниясы Grokipedia жобасымен айналысып жатқанын Маск қыркүйек айында хабарлаған болатын. Ол «Википедияның» редакциялық саясатын сынға алып, платформаны саяси бейтараптылықтан айрылған деп айыптаған еді.

Бұл жоба — Масктың саяси бейтараптықты жоғалтқан деп есептейтін ірі платформаларға қарсы тағы бір қадамы. Бір кездері "Википедияның" жанкүйері болған Маск биыл оның либералдық көзқарасты насихаттайтынын айтып, қолдаушыларын "баланс қалпына келгенше Википедияны қаржыландыруды тоқтатуға" шақырған, - деп жазды The Washington Post.

Grokiпedia іске қосылғанда онда шамамен 900 мыңға жуық мақала болды. Маск бұл портал қолданыстағы энциклопедияларға балама болып, пайдаланушыларға "теңгерімді және бейтарап ақпарат" ұсынатынына сенім білдірді.