Депутат Ләззат Рысбекованың айтуынша, заң жобасы мемлекеттік органдардың дербестігі мен жауапкершілігін арттыруға және мемлекеттік басқару жүйесінде шешім қабылдаудың жеделдігін қамтамасыз етуге бағытталған.
ERNUR.KZ. Сенаторлар екінші оқылымда қаралған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын қабылдады, деп жазады inbusiness.kz.
Депутат Ләззат Рысбекованың айтуынша, заң жобасы мемлекеттік органдардың дербестігі мен жауапкершілігін арттыруға және мемлекеттік басқару жүйесінде шешім қабылдаудың жеделдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жоғарыдағы құжатқа сәйкес, үкіметтің кейбір өкілеттігі орталық мемлекеттік органдарға беріледі.
Мысалы экономикалық салада: стратегиялық жоспардың іске асырылуы туралы есепті жасау және ұсыну тәртібін белгілеу, аудиторлық қызметті лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талабын бекіту, кәсіби ұйымдар мен сертификациялау жөніндегі ұйым куәлігінің нысандары мен аккредиттеу ережесін бекіту, әлеуметтік салада: Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақ салдарынан туындаған иондаушы сәуленің әсерінен болатын аурулардың тізбесін бекіту, экономикалық қызмет түрлерін кәсіптік тәуекел сыныптарына жатқызу тәртібін белгілеу, халықтың тығыздығына және елдімекендердің қашықтығына қарай білім беру ұйымдары желісінің кепілдік берілген мемлекеттік нормативін бекіту. Нақтылай кетейік, заң жобасы аясында орталық мемлекеттік органдардың кейбір функциялары жергілікті атқарушы органдарға беріледі.