Ол мемлекеттік инспектордың ұялы телефонының шотына 3 мың теңге ақша аударған.
ERNUR.KZ. Астаналық тұрғынға мемлекеттік инспектордың ұялы телефонын шотын толтырғаны үшін 336 мың теңге көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды Tengrinews.kz Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
3 қыркүйекте астаналық әйел карантинге жатқызылған өнімдерді шетелге шығару үшін фитосанитарлық сертификат рәсімдемек болып, аудандық инспекцияға келген. WhatsАpp мессенджеріндегі хабарламада ол мемлекеттік инспектордан өнімдерге көзбе-көз емес, видеоқоңырау арқылы баға бере салуын сұрайды.
Осылайша, ол мемлекеттік инспектордың ұялы телефонының шотына 3 мың теңге ақша аударған.
Бұл туралы инспектор өзінің басшысына хабарлап, телефонына түскен ақшаны арнайы мемлекеттік қорға аударған. Нәтижесінде әкімшілік істің қорытындысы бойынша судья әйелді әкімшілік жауапкершілікке тартып, 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (481 мың теңге) айыппұл салды.
Ол өз кінәсін мойындап, әрекетіне өкінетінін айтты. Осыған дейін әкімшілік жауапкершілікке тартылмағандықтан айыппұлдың сомасы 30 пайызға қысқартылып, 336 700 теңге болды.