Мемлекеттік қызметшілерге тілдерді еркін меңгеру бойынша талаптар енгізілуі мүмкін

0
616

Агенттік бұл талаптарды «Мемлекеттік қызметі туралы» және «Тілдер туралы» заңдарда қарастыру қажет деп санайды.


Мемлекеттік қызметшілерге тілдерді еркін меңгеру бойынша талаптар енгізілуі мүмкін

ERNUR.KZ. «Ашық НҚА» порталында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша Реттеушілік саясаттың консультативтік құжаты жарияланды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі қоғамдық талқылауға ұсынған құжатта былай делінген:

«Мемлекеттік органдарда қазақ тілінің қолданылуын кеңейту мақсатында мемлекеттік қызметке түсу үшін мемлекеттік тілді білуге шек қою мүмкін деп ойлаймыз.
Мемлекеттік қызмет жүйесінің дамуы қоғамдық қатынастардың трансформациялануымен тығыз байланысты. Қоғамда қазақ-орыс билингвизімінің даму қарқыны мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптарға әсер етпей қоя алмайды».

Бүгінде қызметі Қазақстандағы көпұлтты қоғам тыныс-тіршілігінің барлық саласын қамтитын 90 мыңға жуық мемлекеттік қызметші жұмыс істейді екен.

Бұл ретте мемлекеттік қызметшілердің қандай да бір тілді қолдану белсенділігі көбінесе қызмет саласына және олар жұмыс істейтін аймаққа байланысты.

«Біздің ойымызша, бұл тілдерді еркін меңгеру жөніндегі талаптарды енгізу кезінде ескерілуге тиіс.
Бұдан басқа, халықтың мемлекеттік аппаратқа қатынасы көп жағдайда билік органдарынан алынатын ақпараттың және мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қол жетімділігіне байланысты болады», - делінген құжатта.

Анықтама: мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингінің нәтижелері бойынша көрсетілетін қызметті алушылардың 8% тілдік кедергілерге байланысты қанағаттанбайтындығын білдірген.

«Жоғарыда қамтылғанды ескере отырып, мемлекеттік қызметшілер үшін тілдерді еркін меңгеру бойынша талаптарды енгізу мәселесі қоғам мен уақыттың қажеттілігінен туындаған.
Қолданыстағы заңнама мемлекеттік қызметшілерге тілдерді еркін меңгеру бойынша талаптарды көздемейтіндіктен, мұндай талаптарды «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» заңдарда қарастыру қажет деп санаймыз», - делінген.

Бұл ретте, «Құқықтық актілер туралы» Заңға сәйкес аталған талаптар өз лауазымдарына осы талаптар енгізілгенге дейін орналасқан қызметшілерге қолданылмайды. Яғни, талаптар жұмыс істеп жүрген қызметшілерге емес, тек алғаш қабылданушыларға ғана қолданылатын болады.