Мемлекеттік жастар саясаты – жаңашыл буын қалыптастырудың негізі

0
129

Бұл саясатты жүргізудегі басты мақсат – өскелең ұрпақты қоғам өміріне белсене араластыру, шығармашылық, еңбек және азаматтық әлеуетін көтеру.


Мемлекеттік жастар саясаты – жаңашыл буын қалыптастырудың негізі

Қай кезде де кез келген мемлекеттің келешегі мен күші – жастар болған. Сондықтан қазіргі уақытта елімізде мемлекеттік жастар саясаты қарқынды жүзеге асырылып, жастарға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Бұл саясатты жүргізудегі басты мақсат – өскелең ұрпақты қоғам өміріне белсене араластыру, шығармашылық, еңбек және азаматтық әлеуетін көтеру. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан атқарылып жатқан бағдарламалар, түрлі қайтарымсыз гранттар мен серпінді бастамалар жас ұрпақтың сапалы білім алып, кәсіп түрлерін меңгеруіне және отаншыл рухта қалыптасуына мүмкіндік жасап жатыр. Тиісінше, жастар қаласы әрі республикалық маңызы бар қала статусына ие Шымкент қаласында жастар саясаты үздіксіз жүргізіліп келеді. Бүгінде миллионнан астам тұрғыны бар шаһарда 14-35 жас аралығындағы 397 мыңнан астам жас өмір сүреді. Осы ретте Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 11 бағыт бойынша 730 іс-шара ұйымдастырып, 137 мыңнан астам жасты қамтыған. Осы мақалада аталған бағыттар мен атқарылған жұмыстардың кейбіріне тоқталып өтпекпіз.


Шымкент қалалық жастар орталығы жоспарының I бағыты – мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау, қаржылық сауаттылықты арттыру және жас отбасылардың әлеуетін дамыту бойынша жұмыс жүргізу.

Бұл тұрғыда жыл басынан бері 80-ге тарта іс-шара ұйымдастырылып, 10 мыңға жуық жас қамтылған екен. Мәселен, Еңбек күніне орай қаладағы «Арбат» демалыс аймағында «Еңбек – елдің мұраты» атты өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілген. Жәрмеңкеге Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 100-ден астам жұмыс беруші қатысып, жұмыссыз азаматтарға 371 мекемеден – 2300-ге жуық тұрақты, 918 мекемеден – 2100-ден астам уақытша жұмыс орындары ұсынылған. Сонымен бірге, «Болашаққа қадам» атты жоба аясында мотивациялық кездесулер өткізіліп, қалалық білім басқармасына қарасты психологиялық қолдау орталығының мамандары мен білім саласының білікті өкілдері жастарға жан-жақты кеңес берген.

II бағыт – денсаулық сақтау және көтермелеу, салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту. Атаған бағыт бойынша биыл 60-қа жуық іс-шара ұйымдастырылып, 6 мыңнан аса жас қамтылған.

Соның ішінде, «Есірткісіз болашақ» мобильді тобының жұмысын ерекше атап өтуге болады. Қаладағы тәртіп сақшылары, жастар ісі жөніндегі комитеттердің төрағалары, волонтерлік ұйымдар мен жастар ұйымдарының өкілдері бірігіп, теріс әдеттің алдын алу жұмыстарын атқарып келеді. Оған қоса, қала жастарының құқықтық сауатын көтеру мақсатында «Заңды білу – заман талабы» тақырыбында бірнеше рет дөңгелек үстел өткен. Бұл іс-шараларға прокуроратура, экономикалық тергеп-тексеру департаментінің және жоғары оқу орындарының өкілдері қатысып, жастардың білімін арттыруға үлес қосып жатыр.

Орталық жұмысының III бағыты – жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүргізу, құқықтық мәдениет қалыптастыру. Аталған бағыт бойынша биыл 70-ке тарта іс-шара ұйымдастырылыпты.

Бұл бағыт бойынша келелі кездесулерден бөлек, «Түнгі қаладағы жастар», «Жасөспірім», «Көше» атты акциялар өткізіліп, ювеналды полиция қызметкерлері және аудан әкімдіктерімен бірлескен орталық қызметкерлері бірнеше рет қалалық рейд өткізген. Кәмелетке толмаған жастарға қатысты жұмыстар барысында түнгі уақытта қараусыз жүрген 260-қа жуық жас анықталып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.

Сондай-ақ, қаржылық сауаттылықты көтеру бағытын өткізілген 80-ге жуық жобаға 34 мыңнан астам жас қатысыпты. Одан бөлек, «Заң және тәртіп» бастамасын іске асыру аясында «ХХІ ғасырдың қаржы триггерлері» атты ауқымды форум өткен. Форум жұмысына өңірдегі мәдениет саласының өкілдері, мемлекеттік органдардың басшылары мен қызметкерлері, бюджеттік мекемелердің мамандары және жастар ұйымдарының белсенділері қатысқан.


IV бағыт – ұлттық құндылықтар және патриоттық тәрбие жұмыстарын жүргізу аясында 35 іс-шара ұйымдастырылып, 2 410 жас қамтылған.

Бұл бағыттағы жұмыстар негізінен БАҚ өкілдері арқылы жүргізіліп, әлеуметтік желілерде тақырыптық контенттер ұйымдыстырылған.

Жастар орталығының V бағыты – әртүрлі жас санаттары үшін қолайлы қоғамдық кеңістіктер құру.

Мәселен, биыл «Zhauap ber» жобасы аясында қала тұрғындары мен жастары арасында қоғамдағы өзекті мәселелерді анықтау үшін сауалнамалар жүргізіліп, жастардың стратегиялық дамуын арттыру мақсатында әлеуметтік бейнероликтер түсірілген. Ал «Таңдау өзіңде» жобасы шеңберінде «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу», «Лудомания», «Нашақорлық» тақырыбындағы әлеуметтік бейнероликтер әлеуметтік желілер арқылы таратылыпты. «Сенің ортаң» жобасы болса, өзіндік даму және өзін-өзі тану бағыттарын қамтып, қала жастары кітап арқылы үндестік орнатқан. Оған қоса «Q kenes» айдары аясында кәсіпкерлермен сұхбат жүргізіліпті.


VІ бағыт – жастар арасында психо-профилактикалық жұмыстар жүргізуге негізделген.

Осы ретте жыл басынан бері 120-дан астам кездесу өткізіліп, 53 мыңға жық жас қамтылған. Сонымен бірге, жүзден астам қала жастарына психологиялық қолдау көрсетіліпті. Олардың арасында пробация есебінде тұрғандар, студенттер, зорлық-зомбылық көргендер, оқушылар мен «Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының» тәрбиеленушілері бар.

Бұдан бөлек, қала әкімдігінің тапсырмасына сәйкес, жастар арасындағы суицидтің алдын алу мақсатында кешенді зерделеу жұмыстары жүргізіліп, дөңгелек үстел ұйымдастырылып келеді. Іс-шаралар барысында тәжірибелі психологтар мамандарға арнайы дәріс оқып, тиімді әдістер мен практикалық техникаларды үйретеді. Жалпы, жұмыс тобына техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің психологтары, полиция департаментінің өкілдері, әскери бөлімнің психологтары, «Жастар ресурстық орталығының» мамандары мен жеке психологтар жинақталған.

VІІ волонтерлік қызметке тарту жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру бағыты бойынша биыл 100-ге тарта іс-шара өткізіліпті.

Оның ішінде қоғамдағы әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетіп, жастар арасында қайырымдылық мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Шуақты Наурыз – Шымкентте» қайырымдылық кеші ұйымдастырылған. Жастардың ықпалымен өткен кеш аясында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы азық-түлік себеттері үлестірілген.

Сондай-ақ, биыл Шымкент қаласында «Волонтерлікке қадам бас» атты форум ұйымдастырылды. Оған «ASAA» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Данара Саранова, «Харекет» қайырымдылық қорының үйлестірушісі Ермұхамед Нұрмаш, «Вторая жизнь» жануарларды қорғау ұйымының басшысы Эмилия Ускенова және Шымкенттегі волонтерлік фронт-офистің жетекшісі Қайыржан Бөгенбай қатысты.

Ал, «Жастар ресурстық орталығы» тапсырысы бойынша ұымдастырылған «Жас волонтер» жобасы аясында волонтерлік ұйымдардың үздік жобалары арасында байқау өтті. Үздік еріктілер марапатталып, арнайы сертификаттар мен статуэткалар табысталды. Аталған байқауға 26 жоба ұсынылып, 36 жас өз идеясын ортаға салған.

VІІI бағыт – мәдени-рухани саладағы дарынды жастарды дамыту үшін жағдай жасау және жастардың демалысын тиімді өткізуге арналған.

Осы орайда Шымкентте жас ақындар арасындағы жылдың ең басты додасы – «Күміс домбыра» және «Тәуелсіздік – бабалар аманаты» мүшайрасы өткізіліп, еліміздің әр өңірінен ақындар қатысты. Сонымен қатар, «Жастар ресурстық орталығы» жанынан құрылған «Көшбасшылар кеңесінің» мүшелері қалалық Қоғамдық кеңес өкілдерімен бірлесе жұмыс атқаруда. Биыл «Тарихи күндер тізбегімен» атты өңірлік мәдени-танымдық фестиваль ұйымдастырылып, іс-шараға қатысқан 300-ге жуық жас 10 топқа бөлініп, ұлттық ойын түрлерінен сайысқа түсті. «IDOS» жобасы аясында оқушылар арасындағы буллинг мәселесін көтеретін «Сынақ» қысқаметражды сериалы түсірілді.

Жастар орталығының жоспарындағы ІХ бағыт – NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізу.

Аталған бағыт бойынша Шымкент қаласында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Нәтижесінде 2024 жылғы 21 тамыз бен 25 желтоқсан аралығында NEET санатындағы (яғни жұмыс істемейтін, білім алмайтын және оқымайтын) жастар саны 2 010 адамға азайса, 2025 жылғы 10 қаңтар мен 25 тамыз күндері аралығында аталған санаттағы жастар саны 1 207 адамға кеміген. Сонымен қатар, Жастар ресурстық орталығының Аутрич және NEET жастармен жұмыс бөлімдері жұмыссыз жүрген жастардың тізімін жасап, әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс жүргізіп жатыр.


Орталықтың Х бағыты – деструктивті діни ағымдар жайлы ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізу болса, ХІ бағыты – қоғаммен байланыс және ақпаратты талдау.

Бұл бағыттар бойынша да көптеген іс атқарылып, ақпараттық және анықтау жұмыстары жүргізіліп келеді.


Атап өту керек, қалада жастар саясатының ең басты бағыттарының бірі – жастардың білім алуына жағдай жасау жұмыстары жылдан жылға жақсарып келеді. Қазіргі таңда қаладағы 9 жоғары оқу орнында 95 мыңнан астам және 38 колледжде 45 мыңға жуық студент білім алуда. Оларды тұрғылықты мекенжаймен қамту мақсатында жалпы 10 мыңнан астам орны бар жатақханалар жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, алдағы 4 жыл ішінде 5000 орынды жатақхана ғимараттары салынбақ.


Оған қоса, жастармен тиімді жұмыс жүргізу мақсатында орталық бірнеше мекемемен өзара әріптестік орнатқан. Атап айтқанда, ЖИТС орталығы, Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, «Қоғамдық келісім» және «Дін мәселелерін зерттеу» орталықтары, Психикалық денсаулық орталығы, «Az-UIA» қоғамдық бірлестігі, «INSAN» психологиялық орталығы, Еңбек мобильділігі орталығы, ҚАЖ департаменті және басқа ұйымдармен бірлескен жоспар бекітілген.

Айта кету керек, біршама уақыт бұрын қалалық «Жастар ресурстық орталығына» мемлекеттік жастар саясаты саласында тәжірибесі мол Жансерік Жұман директор болып тағайындалды. Оның айтуынша, «25 қазан – Республика күнін» және Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның 35 жылдығын атап өту мақсатында бірер күн бұрын «Терең тарихтан – жарқын болашаққа!» атты республикалық пікірсайыс турнирі өткен. Оған Астана, Алматы қалалары мен Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Қарағанды, Тараз және Орал облыстарынан 100-ден аса команда қатысып, зияткерлік сайыста бақ сынаған. Одан бөлек, қала жастары арасында волейболдан турнир өтіп, еріктілер және колледж студенттерінен құралған 8 команда кім мықтыны анықтаған.

Шымкент жастары – қаланың ғана емес, Қазақстанныңболашағы. Ал олардың дамуына жол ашып, әлеуетін арттыру жолында «Жастар ресурстық орталықтарының» еңбегі айрықша. Мыңдаған іс-шара, жүздеген серіктестік жоба мен сан түрлі бастама – мегаполистегі белсенді, жаңашыл буынның қалыптасуына негіз болып отыр.


Б.Мейірханұлы

Бөлісу