"Мен ұрмадым": Отарда комаға түскен сарбаздың соты қайта өтеді

0
202

ұған дейін қылмыстық істі қараған судья отставкаға кеткен.


фото: Sputnik

ERNUR.KZ. Отардағы №30212 әскери бөлімінде комаға түскен сарбаз Нұржігіт Әбділпаттаның соты басынан бастап қайта өтеді, деп жазады sputnik.kz.
Дәрі ішкені үшін сержанттан соққы жеп, комаға түскен Нұржігіт Әбділпаттаның ісіне қатысты сот отырысы қайтадан басынан басталды. Бұған дейін қылмыстық істі қараған судья отставкаға кеткен.
Бұл жолы сот отырысына сарбазды ұрған кіші сержант Дастан Тұрланның анасы бірінші рет онлайн қатысты.
Мең бе, соққының орны ма?
Сотта айыпталушының адвокаттары жасалып жатқан сот-медициналық сараптамасына шағым келтірді. Айтуларынша, сарбаздың денесіндегі меңін сараптама жарақат етіп көрсеткен, сондай-ақ адвокаттарды сараптама жұмысына қатыстырмаған. Сол себепті олар судьядан тағы да сот-медициналық сараптаманы қайталап жасауды сұрады.
"Бұрынғы судья жұмыстан кеткен соң бізге бір алынбас қамал пайда болды. Сараптама жасағанда да ешкім бізге хабарлама бермеді, қандай да бір сұрақтарыңызға құзырлы мамандар жауап бермейді", - дейді айыпталушының адвокаттары.
Мен кінәлі емеспін...
Айыпталушы кіші сержант Дастан Тұрлан таққан айыпты мойындамайды. Бұған дейінгі сот отырыстарында да кінәсінің жоқтығын айтқан. Комаға түскен сарбаздың ата-анасы айыпталушы тарап бір де бір рет кешірім сұрамағанын айтқан еді.
Экс-судья өткізген соңғы сот отырысында дәрігерлер түсініктеме берді. Алайда бірнеше дәрігер диагнозды үтір, нүктесіне дейін бірдей көшіріп бергені анықталды. Айта кетері, дәрігерлер екі өкпесі қабынған деп диагноз қойған, бұдан басқа да бірнеше диагноз бар.

Сарбаз Әбділпатта сержант Тұрланмен еш сөзге келмеген, өйткені ол басқа ротаның сержанты болған. Сарбазды ұрған күні сержанттың команда беруге еш құқы болмаған. Әскерге сау барып, ауруханада оянған сарбаз сот отырысында денесінің қай тұсынан соққы жегенін көрсетті.

Айыпталушының анасы да сарбазға сұрақ қойды. Алайда сарбаз алғашқы берген жауаптарын қайталады.
Еске сала кетейік, Шымкенттегі “Авиценна” жоғары медицина колледжінде 1-курста оқып жүрген Нұржігіт Әбділпатта өз еркімен әскери борышын өтеуге барады. Алайда ол ант қабылдап үлгермеген күйі ауруханадан бір-ақ шығады. Сарбаз дәрі қолданғанда кіші сержант бауыр тұсынан ұрған көрінеді. Бұл 2024 жылы 6 маусым күні болған оқиға. Дәл сол сәттен бастап бір үйдің жалғыз баласының жағдайы күрт нашарлап, комаға түседі. Ата-анасы бұл оқиғаны тек үш күннен кейін ғана естиді. Сержант туыстарының араласуынан кейін ұсталады.