Қытайда балаларға қауіпті саналатын жаңа метапневмовирус тарады.
Жасанды интеллект / Ulysmedia
ERNUR.KZ. Метапневмовирус жаһандық проблема тудыра қоятын ауру емес. Бұл туралы ДДСҰ басшысы Венгрияның сыртқы істер министрі Питер Сийяртомен телефон арқылы сөйлесуі барысында айтқан, деп жазады ulysmedia.kz.
“Бүгін кешке Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Бас директоры, бұрынғы әріптесім әрі досым Тедрос Гебрейесуспен телефон арқылы сөйлестік.
Біз ДДҰ-ның жаһандық денсаулық сақтау саласындағы рөлін жоғары бағалаймыз, әсіресе COVID-19 пандемиясы кезінде ДДҰ мен ұлттық денсаулық сақтау жүйелері бірлесіп, жақсы нәтиже көрсетті. Венгрия мен венгр мамандары да ДДҰ жұмысына елеулі үлес қосуда, ұйымның Будапештегі өкілдігі де тұрақты түрде дамып келеді.
Досым Тедрос соңғы күндері мен апталарда тараған үрейлі хабарларға байланысты мені тыныштандырып, қазіргі кезде ешқандай жаһандық ПРОБЛЕМА жоқ екенін растады. БАҚ беттерінде жиі талқыланған вирус ДДҰ сарапшыларына жақсы таныс, ол бұған дейін де осындай формада бірнеше рет пайда болған, көбінесе қысқы мезгілдерде тіркелген, дейді Сийярто.
ҚАЗАҚСТАН ПІКІРІ
8 қаңтарда Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының (ҰҰО) басқарма басшысы Айжан Есмағамбетова әлемді дүрліктіре бастаған метапневмовируске қатысты жұртты алаңдатқан негізгі сұрақтарға жауап берді.
Есмағамбетованың айтуынша, 2025 жылдың 8 қаңтарында Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты.
"Біз эпидемиялық маусымның қызған шағындамыз. Әдетте, қаңтарда аурудың өсімі әрдайым байқалып, содан кейін ақпан айының ортасына қарай ол басылады. Қазір карантиндік немесе шектеу шараларын енгізуге негіз жоқ", деді Айжан Есмағамбетова.
Сондай-ақ ол дәрігерлер эпидемиологиялық жағдайды вирустың жиілігі мен айналымы бойынша күн сайын дерлік қадағалап отыратынын атап өтті.
Еске сала кетсек, Қытайда балаларға қауіпті саналатын жаңа метапневмовирус тарады. Ол Қазақстанда да тіркелді.