Миллиардтарды алып, Кореяға қашқан: ҚМА салық төлеуден жалтарған ер адамды Қазақстанға қайтарды

0
177

​Оның төлемеген салығы 1 млрд теңгеден асқан.


Миллиардтарды алып, Кореяға қашқан: ҚМА салық төлеуден жалтарған ер адамды Қазақстанға қайтарды

Фото: ҚМА/Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Қаржылық мониторинг агенттігі Интерполдың қолдауымен салық төлеуден жалтарған ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы бар деп күдікке ілінген Ұлан Байболовты Корея Республикасынан Қазақстанға қайтарды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Тергеу деректеріне сәйкес, Ұлан Байболов салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді жүйелі түрде төлеуден жалтарумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі болған.

Қылмыстық әрекет мынадай жолмен жүзеге асырылған: кәсіпорындар сатып алынып, жалған басшылардың атына қайта тіркелген, олардың банк шоттары арқылы қаржы операциялары жүргізілген, салық есептілігіне көрінеу бұрмаланған мәліметтер енгізіліп, кейін қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Осы тәсілді пайдаланылған кәсіпорындардың бірі – «Сфера» ЖШС. 2014 жылы Ұ.М. Байболов аталған серіктестік директорының орынбасары қызметіне тағайындалған. Нәтижесінде топ мүшелері серіктестіктің есеп айырысу шоттарынан 2,5 млрд теңгеден астам қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған.

Бұдан бөлек, қосымша есептелген салық көлемі 1 млрд теңгеден асқан.

«Сот күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Тергеу жалғасып жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 19-бабының 1-тармағына және Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, адамның қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі екені заңды күшіне енген сот үкімімен анықталғанға дейін ол кінәсіз деп есептеледі», – делінген ҚМА хабарламасында.