Испанияда жаппай наразылыққа себеп болған 87 жастағы кейуана қайтыс болды

0
160

Марикармен Абаскаль Мадрид қаласындағы ауруханада жан тапсырған.


Испанияда жаппай наразылыққа себеп болған 87 жастағы кейуана қайтыс болды

Фото: kaz.inform.kz

ERNUR.KZ. Бұл туралы Мадридтің пәтер жалдаушылар одағы мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.

Абаскаль 1956 жылдан бері Ретиро ауданындағы пәтерде тұрған. Үйді Urbagestión компаниясы сатып алғаннан соң оның ай сайынғы жалдау ақысы 500 еуродан 2 650 еуроға дейін көтеріліп, кейін 1 650 еуроға тұрақтаған.

Ұзаққа созылған сот дауының нәтижесінде зейнеткерді пәтерден шығару заңды деп танылған. 23 қыркүйекте оны үйінен шығаруға келген кезде тұрғындар наразылық білдіріп, полиция оларды таратуға мәжбүр болды. Сол күні Абаскаль жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген.

Оқиға Испанияның басқа қалаларында да тұрғын үй мәселесіне байланысты наразылықтардың күшеюіне түрткі болды. 28 қыркүйекте оның адвокаты Беатрис Дуро үй иесімен келісімге келгенін хабарлаған. Соған сәйкес, Абаскаль пәтеріне қайта оралып, сегіз жылдық жаңа келісімшарт жасасуы тиіс болған. Жаңа жалдау ақысы оның зейнетақысының 30 пайызынан аспай, айына шамамен 460-500 еуро болуы көзделген. Дегенмен, келісімге қол қоюға зейнеткердің денсаулығы мүмкіндік бермеді.

Премьер-министр Педро Санчес үкіметтің тұрғын үй нарығын реформалау бастамасы парламенттен қолдау таппағаннан кейін 2026 жылғы 5 қазанда парламентті таратып, 29 қарашада кезектен тыс сайлау өтетінін жариялады.