Орталықтың мәліметінше, мұндай әрекеттер белгілі бір үлгімен қайталанып отырады: жоғары лауазымды тұлғалардың сөз сөйлеген сәттері алынып, оған шын мәнінде айтылмаған мәлімдемелер қосылады.
Фейк видео. Кескін Gemini нейрожелісінің көмегімен жасалған
ERNUR.KZ. Әлеуметтік желіде қазақстандықтарға миллион пәтер тегін берілмек деген жалған видео тарап жатыр. Қазақстан Республикасы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің құрылымында Жалған ақпаратқа қарсы күрес орталығы бұл видеоны дайындауда бұрыннан қолданылып жүрген тәсіл пайдаланылғанын мәлімдеді, - деп жазады Tengrinews.kz.
Орталықтың мәліметінше, мұндай әрекеттер белгілі бір үлгімен қайталанып отырады: жоғары лауазымды тұлғалардың сөз сөйлеген сәттері алынып, оған шын мәнінде айтылмаған мәлімдемелер қосылады. Соның нәтижесінде жалған ақпарат ресми хабарлама секілді көрсетіледі.
"Бұрын да бірнеше рет қолданылған тәсіл тағы қайталанып отыр: шынайы видеокадрлар мен көпшілікке таныс дауыстар негізге алынып, кейін жалған хабарлама жасалады. Соның салдарынан көрерменде бұл ақпарат мемлекеттік органдардан немесе елдің жоғары басшылығынан тікелей тарағандай жалған түсінік қалыптасады", - деп хабарлады орталық.
Мұндай жалған ақпараттар әдетте қоғам назарындағы маңызды саяси және әлеуметтік оқиғалар қарсаңында немесе сол кезеңде жиілейді. Атап айтқанда, референдумдар мен сайлау кезінде, Үкімет жасақталған тұста, мемлекеттік және атаулы күндерде, сондай-ақ, көпшіліктің назары ерекше ауатын өзге де оқиғалар кезінде осындай ақпараттар таратылады.
"Дезинформацияға қарсы күрес орталығы осыған ұқсас әрекеттерді бұған дейін де - референдум, сайлау науқандары және өзге де маңызды оқиғалар кезінде тіркеген. Ақпараттың мазмұны мен оны таратуға себеп болған жағдай өзгергенімен, қолданылатын тәсіл сол күйі қалып отыр", - делінген хабарламада.
Қазақстандықтарға мұндай ақпарат кездескенде, ең алдымен, айтылған мәлімдеменің расында болып-болмағанын тексеру керегі ескертілді. Ол үшін монтаждалған үзіндіге емес, сөз сөйлеген адамның толық видеосына немесе ақпараттың бастапқы дереккөзіне жүгінген жөн.


