«Миллиондық» қалаларда жастарға пәтер қазан айында берілетін болды

0
1 379

Өз кезегінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет заң жобасы қабылданғаннан кейін министрлік тарапынан тиісті ережелер дайындалатынын атап өтті.


«Миллиондық» қалаларда жастарға пәтер қазан айында берілетін болды

ERNUR.KZ. ҚР Парламенті Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды, деп жазады ҚазАқпарат.

Айта кетейік, бұл заң жобасы Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленді. Бұл тұрғыда «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Мемлекеттік жастар саясаты туралы», «ҚР Мемлекеттік наградалар туралы» заңдарына түзетулер ескерілген.

«Елбасы жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамтамасыз ету тапсырмасы бар екенін білесіздер. Осы заң жобасында жұмыс істейтін жастарға кімдер жатқызылатыны туралы түсінік нақтыланды. Сонымен қатар бұл құжат арқылы заңнамалық тұрғыда жастарға жалға берілетін баспана ұсынылатыны айқындалды», - деді Мәжіліс депутаты Шавхат Өтемісов құжатты таныстыру барысында.

Өз кезегінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет заң жобасы қабылданғаннан кейін министрлік тарапынан тиісті ережелер дайындалатынын атап өтті.

«Сонымен қатар «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында да бөлек кейбір талаптарды қоятын боламыз. Бүгінде осы ережелер жобасын жастар өкілдерімен және үш қаланың әкімдіктерімен талқылаудамыз. Атап айқанда, осы бағыттағы шараларды барынша ашық әрі әділ болуын ескеріп отырмыз. Мұнымен қоса, жастарды пәтермен қамтамасыз ету шарасы жыл сайын іске асырылуы бастамасын көтерудеміз, себебі бұл қадамдар жастарды қолдауға ықпал етеді. Аталған өңірлерде қазан айына қарай жастарға алғашқы пәтерлерді беру басталады деп күтілуде», - деді М. Қожахмет.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Мәжілісінде заң жобасы аясындағы түзетулер Елбасының тапсырмасы бойынша жұмыс істейтін жастарды жалға берілетін тұрғын үймен қаматамасыз ету үшін әзірленген тетікті жүзеге асыруға мүмкіндік береді. «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында 2019-2025 жылдары Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастар үшін жыл сайын кемінде 1 мың жалға берілетін тұрғын үй салу жоспарлануда.

Естеріңізге сала кетейік, Жастар жылының ашылуына арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордада, Алматы және Шымкент қалаларында жастар үшін жылына 1 мың пәтер салынатынын айтқан болатын.

Сонымен қатар, биыл «миллион тұрғыны бар қалаларда жұмыс істейтін жастар үшін 1 мың пәтер құрылысы басталатыны айтылған еді.