"Бәйтерек" холдингі сайтының мәліметінше, Шарлапаев Ресей Федерациясы мен Ұлыбритания азаматтығына ие.
ERNUR.KZ. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров "Бәйтерек" Ұлттық холдингінің төрағасы қызметіне Ресей және Ұлыбритания азаматы Қанат Шарлапаевтың тағайындалуына қатысты түсініктеме берді, деп жазады Ulysmedia.kz.
"Бәйтерек" холдингі сайтының мәліметінше, Шарлапаев Ресей Федерациясы мен Ұлыбритания азаматтығына ие. Ұлттық экономика министрі Шарлапаевтың Қазақстан азаматы емес екенін растады.
"Кім ұсынғанын білмеймін, бірақ оның кандидатурасын Директорлар кеңесінде талқыланып, бекітілген. Менің ойымша, оның халықаралық коммерциялық құрылымдарда, атап айтқанда Ситибанкта жұмыс істегеніне, тың көзқарасты адам екеніне назар аударылды. Оның үстіне, ол бір елге емес, белгілі бір аймаққа жетекшілік етті (Шарлапаев Ресей, Украина және Қазақстан бойынша Ситибанктің бас қаржы директоры болды). Несиелік операцияларды жақсы біледі", - деді ол.
Министрдің, сөзінше онымен сөйлескен кезде ой-өрісінің басқаша екені аңғарылады.
"Іскерлік-корпоративтік тәсілмен жұмыс істейтіні көрініп тұр. Әрі бір таңғаларлығы, қазақша жақсы сөйлейді. Жаңаша ойлау қабілеті бар, бюрократиялық құрылымды, оның ішінде ұлттық компанияны қозғап, оған оң өзгерістер енгізе алатын адамдарды жұмыс тарту үрдісін құптаймын",-деді министр.
Бұдан бұрын Қанат Шарлапаевтың әкесі Бисімбай Шарлапаев 2016 жылы пара алғаны үшін сотталғаны туралы жазылған болатын. Министр бұл оқиғаға қатысты да пікір білдірді.
“Бұл жайт менің де құлағыма жетті. Не болғанын білмеймін. Әкесіне қатысты оқиғаны ол тағайындалғаннан кейін ғана естідім”, – деді Қуантыров.