Министр Нұрымбетов президент кеңесшісінің атышулы жазбасына жауап берді

0
753

Президент зейнетақы реформасы жөніндегі жұмыс тобына зейнетақы жинағын алатын азаматтардың санын ұлғайту үшін тағы екі ай уақыт берді.


Министр Нұрымбетов президент кеңесшісінің атышулы жазбасына жауап берді

ERNUR.KZ. Жұмыс тобының құрамындағы 25 адамның 24-і үкіметтің зейнетақы жүйесіне қатысты ұсыныстарын қолдайды. Ал Олжас Құдайбергенов жұмыс тобынан шығамын десе, бұл оның өз еркі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов президенттің штаттан тыс кеңесшісінің желідегі жазбасына осылай жауап берді, деп жазады sputniknews.kz.

"Олжас Әбдімәлікұлы жұмыс тобынан шығамын десе, ол кісінің өз еркі. Жұмыс тобы үкімет басшысының шешімімен жасақталған. Сондықтан ол топта болады. Кез келген азамат, оның ішінде сарапшылар өз пікірін айтуға құқылы. Оған ешкімнің қарсылығы жоқ. Мен ресми түрде айта аламын: біздің жұмыс тобында 25 адам, олардың арасында өте атақты экономистер, қоғам қайраткерлері де бар. Сондықтан 25 адамның 24-і үкіметтің ұстанымын қолдайды десем, артық айтқандық емес", - деді Нұрымбетов мәжілістегі кездесуден кейін.

Министр президентке ұсыныстарды тек бір-екі шенеунік бермейтінін атап өтті. Ұсыныстың бәрі жұмыс тобында талқыланып, кейін үкіметтің жанындағы әлеуметтік саясат жөніндегі кеңесте қаралып, мақұлданған. Премьер-министр, ұлттық банк төрағаларының қатысуымен бірнеше қорытынды жиналыс өткізілді.

"Сөйтіп премьер-министр қол қойып, ұсынысты президентке берді. Президент ұсынысымызға өз жауабын берді, ұстанымдарды жалпы қолдайтынын айтты. Тек қана зейнетақы жинағын алуға мүмкіндігі бар адамдардың санын ұлғайту бойынша бізге тағы екі ай уақыт берді", - деді ведомство басшысы.

Сондықтан жұмыс тобы өз жұмысын жалғастырады, деп нақтылады ол.

"Ол жерде тек жинақты тұрғын үйге алу туралы ұсыныс қана емес, басқа да көптеген ұсыныс бар. Соның әр бағыты бойынша жол картасы әзірленіп жатыр. Олжас Құдайбергенов те оған қатысты ұсыныстарын маған жеке берді", - деді Нұрымбетов.

29 қаңтарда мемлекет басшысының штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергенов зейнетақы жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының құрамынан шығып кеткенін мәлімдеген еді. Экономист кей шенеуніктер отставкаға кетпейінше, жұмыс тобы зейнетақыға қатысты дұрыс шешім қабылдай алмайтынын мәлімдеді.

Құдайбергенов Қазақстанға Сингапур моделін енгізуді ұсынған болатын.

Үкімет жұмыс істейтін азаматтарға "жеткіліктілік шегінен" асатын соманы жеке мақсатта жұмсауға мүмкіндік беруді қарастырып отыр.

Жеткіліктілік шегі – бұл зейнет жасына жеткенде, өмірінің соңына дейін елдегі ең төменгі зейнетақыдан кем емес зейнетақы алып тұруға жететін жинақ сомасы.

Ал зейнеткерлерге зейнетақы шотындағы ақшасының жартысын алуға мүмкіндік беруді ұсынып отыр. Бірақ, мынадай шартпен – шотта қалған ақша әлгі адамның зейнетке шыққандағы табысының 40 процентінен кем болмауы тиіс.

Үкіметтің есебінше, жұмыс істейтін 113 мың адам және зейнет жасына жеткен 120 мыңға жуық адам зейнетақы жинағын пайдалануға мүмкіндік алады.