Министр аталмыш орталықтың жансақтау және интенсивті терапия бөлімінде ауыр жағдайда жатқан тағы екі науқастың емдеу кезеңімен танысқан.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елордадағы травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтына барып, ұшақ апатынан жарақат алған науқастың көңілін сұрап қайтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ министрдің Facebook парақшасына сілтеме жасап.
«Бүгін таңертең елордадағы травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтына бардым. Орталықта Алматы маңындағы ұшақ апатынынан зардап шеккен адам жатыр. Ол кеше сағат 14:40-та санавиациямен жеткізілді», - деп жазды Елжан Біртанов.
Оның айтуынша, зардап шеккен әйелдің жағдайы орташа ауыр, көп жарақат алған және көп қан жоғалтқан.
«Оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Орталық мамандары барлық қажетті тексеруден өткізіп, ота жасауға дайындады. Ұлттық травматология және ортопедия орталығының директоры, профессор Нұрлан Батпеновтың қатысуымен ота арқылы емдеудің бірінші кезеңі жүзеге асты. Қазіргі уақытта NIIITO директоры, профессор Нұрлан Батпеновтың қатысуымен ота жасау арқылы емдеудің бірінші кезеңі жүзеге асты», - дейді министр.
Ұшақ апатынан зардап шеккендердің барлығына қажетті ем көрсетілгенін айта кету керек.
«Оған республикалық ғылыми-зерттеу институттар мен орталықтардың үздік мамандары тартылды. Зардап шеккендердің жағдайы менің жеке бақылауымда», - дейді ол.
Сондай-ақ, министр аталмыш орталықтың жансақтау және интенсивті терапия бөлімінде ауыр жағдайда жатқан тағы екі науқастың емдеу кезеңімен танысқан.
«Оның бірі - жол апатынан жарақат алған 1961 жылғы әйел. Ол орталыққа санавиациямен жеткізілген. Науқастың жағдайы орташа ауыр, жақсару үрдісі байқалады. Реанимациядан мамандандырылған бөлімге ауыстыру жоспарланып жатыр. Жамбас сүйектеріне ота жасалады. Үшінші науқас - 2019 жылдың 29 желтоқсанында өте ауыр жағдайда ауруханаға түскен. Ол да жол-көлік оқиғасынан жарақат алған. Қарқынды терапия жүргізіледі», - деп жазды Елжан Біртанов Facebook парақшасына.