Министрлік Гонконгте жүрген қазақстандық студенттерге үндеу жариялады

0
735

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, Гонконгте ұсталған Әбілқайыр Нұқпиевке әлі айып тағылған жоқ.


Министрлік Гонконгте жүрген қазақстандық студенттерге үндеу жариялады

ERNUR.KZ. Сыртқы істер министрлігі Гонконгте жоғары оқу орындарының жұмысы уақытша тоқтатылғанын мәлімдеді, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, осыған байланысты Қазақстанның 209 студенті елге оралды. Ал 32-сі қалуға шешім қабылдады.
"Барлық студентке айтарымыз, келесі жылдың қаңтар айына дейін оқу онлайн режимде ұйымдастырылады, я болмаса, қашықтан оқыту жүйесі арқылы жүргізіледі. Біз барлық студентпен байланыс орнатып отырмыз. Негізі Гонконгте төтенше жағдай жарияланған жоқ. Сондықтан біздің үндеуміз тек студенттерге ғана арналады. Өйткені оқу уақытша тоқтатылды. Басқа азаматтарымыз жүре берсе болады. Бірақ қауіпсіздік шараларын барынша сақтау қажет", - деп атап көрсетті Смадияров.
Оның сөзіне қарағанда, Гонконгте ұсталған Әбілқайыр Нұқпиевке айып тағылған жоқ. Тергеу шаралары жалғасуда.
"Біздің дипломаттарымыз оған бірнеше рет барып келген. Оның ешқандай шағымы жоқ. Адвокат өз жұмысына кірісті. Тергеу жүріп жатыр. Әлі айып тағылған жоқ. Сосын қазақстандық студенттер қауымдастығының мүшелері де оған барып, қажетті киім-кешегін апарып берді. Ал ата-анасы Гонконгке жетті", - деді Смадияров астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Айта кетейік, 18 қарашада Гонконгте болған тәртіпсіздіктер кезінде Қазақстан азаматы Әбілқайыр Нұқпиев ұсталған болатын. Ол – Баптист университетінің бірінші курс студенті. Ал Әбілқайырдың достары оның тәртіпсіздіктерге қатыспағанын мәлімдеді. Сол күні құқық қорғаушылар университет кампусына кіргенде Әбілқайыр көп адамның арасында болған. Сөйтіп, барлығымен бірге қамауға алынған.