Министрлік қытайлық вирус «жұқтырған» банандар туралы ақпаратты теріске шығарды

0
1 253

Вице-министр ресми дереккөздерге ғана сенім арту керектігін айтты.


Министрлік қытайлық вирус «жұқтырған» банандар туралы ақпаратты теріске шығарды

ERNUR.KZ. ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров әлеуметтік желідегі қытайлық вирус «жұқтырған» банандар туралы пікір білдірді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Мессенджерлер мен әлеуметтік желіде түрлі жалған ақпараттар тарап жатыр. Әсіресе, банандар арқылы коронавирусты жұқтыруға болатыны жазылған. Бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми түрде мәлімдегіміз келеді», - деді вице-министр СҚ «Фармация» алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, ресми дереккөздерге ғана сенім артқан жөн.

«Бұл мәселе бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігі құзырлы органдарға жүгінді. Кінәлілерді тауып, жалған ақпарат таратқаны үшін жауапқа тартылғанын қалаймыз. Қылмыстық кодекс аясында шындыққа жанаспайтын ақпарат таратудың заңмен қудаланатынын еске салғымыз келеді», - деді К. Надыров.

Бұған дейін Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин Ухан қаласынан Алматы әуежайына қонған ұшақ туралы пікір білдірген еді.