Қазақстандықтар орталықта министрлердің жеке қабылдауына жазыла алады.
ERNUR.KZ. Астанадағы Министрліктер үйінде Азаматтарды қабылдау орталығы өз жұмысын бастады. Орталық 16-шы кіреберісте орналасқан, деп жазады sputnik.kz.
Орталықтың негізгі міндеттерінің бірі – мемлекет пен азаматтардың өзара іс-қимылының жаңа ортасын құру. Ал оның жұмысының негізгі қағидаттары – клиентке бағдарлану, өтініш берушілерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыру және жалпы осы салаға жаңа стандарттарды енгізу.
"Орталықта қазақстандықтар өздеріне ыңғайлы жағдайда кез келген мемлекеттік органға өтініш бере алады, сондай-ақ ХҚКО-ға ұқсас түрлі ведомство өкілдерінен, медиаторлар және заң мамандарынан кеңес ала алады. Сонымен қатар мұнда азаматтар мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының жеке қабылдауына жазылу мүмкіндігіне ие болады", - делінген хабарламада.
Орталық алаңында апта сайын 18 министрліктің өкілдері азаматтарды жеке қабылдайды, кесте үкімет сайтында алдын ала жарияланады. Бұл ретте өңірлердің тұрғындарына елордаға арнайы келудің қажеті жоқ, өйткені оларды онлайн-форматта да қабылдай алады.
Жаңа орталықтың базасында цифрлық ХҚКО іске қосылды, ол арқылы онлайн режимінде 1220 мемлекеттік қызмет түрін алуға болады.


