​Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралының төрағасы Қазақстанға ресми сапармен келді

0
112

Кездесу қорытындысында тараптар Парламент Мәжілісі мен Ұлы Мемлекеттік Хурал арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.


​Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралының төрағасы Қазақстанға ресми сапармен келді

Фото: ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметі

ERNUR.KZ. Мәжіліске Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралының төрағасы Дашзэгвийн Амарбаясгалан бастаған делегация келді. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановпен кездесуде тараптар парламентаралық байланысты нығайту жайын талқылап, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп жазады inform.kz.

— Елдеріміздің арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Моңғолияға былтырғы мемлекеттік сапары өте нәтижелі болды. Көшбасшыларымыздың арқасында екіжақты байланысымыз стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеріліп, түрлі саланы қамтитын 11 құжатқа қол қойылды. Бүгін біз қол қоятын парламенттеріміз арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум әріптестігімізді жаңа белеске көтереді деп сенемін, — деді Мәжіліс спикері.

Өз кезегінде Ұлы Мемлекеттік Хурал төрағасы цифрландыру, жасанды интеллектіні дамыту, экология, ауыл шаруашылығы сияқты салалар бойынша заң шығаруда тәжірибе алмасуға өзара үлкен қызығушылық бар екенін атап өтті.
Парламентаралық ынтымақтастықты дамыту жайын сөз еткен екі тарап достық топтарының жұмысын күшейту, тұрақты диалогты салалық комитеттер аясында да ынталандыру жөнінде уағдаласты. Парламентаралық Одақ пен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы сияқты көпжақты алаңдарда одан әрі бірлесе жұмыс істеу мәселелерін де қозғады. Сондай-ақ парламентшілер туризм бағытындағы әріптестікті нығайту, екі елдің экономикалары үшін кадрлар даярлау және технологияларды дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесу қорытындысында тараптар Парламент Мәжілісі мен Ұлы Мемлекеттік Хурал арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа сәйкес, тараптар өз құзыреттері аясында саяси, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік-мәдени, гуманитарлық, басқа да салаларда, сондай-ақ экономиканы цифрландыру, инновацияларды дамыту мен енгізу ісінде Қазақстан Республикасы мен Моңғолия ынтымақтастығын нығайтуға және дамытуға жәрдемдесуге міндеттенеді. Сонымен бірге Мәжіліс алаңында Шығыс Қазақстан облысы мен Қобда (Ховд) аймағы арасында бауырластық қатынас орнату туралы меморандумға қол қойылды.