Мұғалімдер жеті жастағы оқушыны ата-анасына ескертпей гинекологқа апарған

0
668

Алматы тұрғыны жекеменшік мектептің қызметкерлері кесірінен жеті жасар қызы психологиялық ауыр соққы алды деп отыр.


Мұғалімдер жеті жастағы оқушыны ата-анасына ескертпей гинекологқа апарған

ERNUR.KZ. Алматы тұрғыны жекеменшік мектеп қызметкерлері қызыма психологиялық қысым көрсетті деп шағымданды. Көпбалалы ананың айтуынша, білім ордасының мұғалімдері мен психологы бірінші сыныпта оқитын қызды өгей әкесі зорлады деп топшылап, жедел жәрдем шақыртқан, деп жазады tengrinews.kz.

Алматы тұрғыны жекеменшік мектептің қызметкерлері кесірінен жеті жасар қызы психологиялық ауыр соққы алды деп отыр. Өткен аптада әйелдің бірінші сыныпта оқитын қызы сабақ кезінде қайта-қайта дәретханаға сұраныпты. Бұдан сезіктенген мұғалімдер оқушыны сұрақтың астына алған. Сосын қызға өгей әкесі зорлық көрсетуі мүмкін деп топшылап, жәдел жәрдем шағырған, дейді әйел.

"Мектептің психолог апайы, дәрігері мен директор орынбасары асығыс диагноз қойып, зорлау мүмкіндігі болды деп өздері шешім қабылдап, жедел жәрдем мамандарына айтып берген. Сөйтіп ауруханаға жеткізіп, менің рұқсатымсыз баланы шырқыратып, баламның құрсағы жарақат алды деп жазып берген", - деді әйел.

Көпбалалы ана жайсыз хабарды тек ауруханаға жеткенде бір-ақ білдім дейді. Іске полиция араласып, бөлімшеге қыздың өгей әкесі де шақыртылған. Сосын екі бірдей медициналық сараптама жасалыпты. Оның қорытындысы бойынша жеткіншектің қуығына суық тиген екен. Қазір шошып қалған қаршадай қыз емделіп жатыр.
"Біз қатты ашулымыз. Намысымызға тиіп отыр. Күйеуімнің намысына тиіп отыр. Гүлдей болып отырған шаңырағымды ортаға түсіріп отыр, бұл кісілердің асығыс шешімімен. Менен сұрап, нақты шешім болғанымен, бірге барып тексерту керек еді, сондай жағдай болған күннің өзінде. Осы іске қатысты ниеті дұрыс емес адамдар. Олар мектепте қалай бала тәрбиелейді? Сол үшін осы іске қатысы бар адамдарды жұмыстан шығаруын талап етемін", - дейді әйел.

Заңгер Нұржан Құралбаевтың айтуынша, ата-ананың қатысуынсыз кәмелетке толмаған баладан жауап алуға және жыныстық мүшесін тексеруге ешкімнің құқығы жоқ.

"Бұл жағдайға жекеменшік мектеп қызметкерлерінің біліксіздігі себеп. №1 балалар ауруханасының дәрігерлеріне де сұрақ көп. Олар қыздың атаанасына ескертпей, өз бетінше тексеріс жүргізіп, жатыры зақымданған деген диагноз қойды. Екі бірдей сот-медициналық сараптама мұны жоққа шығарды. Мұндай қателік бүтін бір отбасыға кері әсерін тигізді. Мектеп болсын, ауруханаға болсын, мұндай келеңсіз жайтқа жол бермеуге тиіс", - дейді заңгер.

Баланың анасы құқық қорғау органдарына арыз жазып үлгерген. Бұл жанжал Оқу-ағарту министрлігіне дейін жеткен. Ұстаздардың осындай жағдайда қаншалықты кәсіби әрекет еткенін анықтау мақсатында жеке білім беру мекемесінде тексеру басталған.