Елші Ата Заңға өзгеріс енгізер кезде өзінің ұсынысын да ескерсе дейді.
ERNUR.KZ. Қазақстанның Мысырдағы Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама Шариф мемлекет атауын өзгертуді ұсынды. Елші мемлекет атауындағы "стан" сөзін алып тастау туралы пікірін білдірді, деп жазады ulysmedia.kz.
«Бүгінгі таңда 193 мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып табылады. Олардың қатарында 7 мемлекеттің атауы «стан» жұрнағымен аяқталады: Afghanistan, Kazakhstan, Kyrgyzstan, Pakistan, Tajikistan, Turkmenistan және Uzbekistan. Стан – парсы сөзі, ел деген мағына береді. Сөздің шығу төркініне үңілсек, жер (land) деген ұғымға да сай келеді. Ирандықтар провинцияны («Остан») дейді. Остан мен Астана – түбірлес сөздер», – делінген жазбада.
Елші Ата Заңға өзгеріс енгізер кезде өзінің ұсынысын да ескерсе дейді.
«Осы 7 ел, 20 ірілі-ұсақ елді мекендердің атауларына көз жүгіртсек, «стан» ұғымы БҰҰ-ның ресми терминімен айтқанда – «мемлекет» (State) мағынасын бермейді. Сондықтан, менің пікірімше, Ата Заңымызға өзгерістер енгізгенде ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ, КАЗАХСКОЕ ГОСУДАРСТВО (орысша), STATE OF QAZAQ (ағылшын тілінде) деп, «тайға таңба басқандай» жазуымыз керек», – дейді ол.
Сондай-ақ елші QAZAQIA деген нұсқаға да тоқтала өткен.
«БҰҰ-на мүше 36 мемлекет ұлтына латын тілінен енген «ia» сөз тудырушы жұрнақты қосып, қысқа атауын береді: Albania, Algeria, Armenia, Australia, Austria, Bolivia, Bosnia, Bulgaria, Cambodia, Colombia, Croatia, Czechia, Estonia, Ethiopia, Gambia, Georgia, India, Indonesia, Latvia, Liberia, Lithuania, Malaysia, Mauritania, Micronesia, Mongolia, Namibia, Nigeria, Macedonia, Romania, Serbia, Slovakia, Slovenia, Somalia, Tunisia, Tanzania, Zambia. Бізде осы үрдістен қалмай, Қазақ мемлекетінің қысқа атауын QAZAQIA дегеніміз жөн болар. Қазақ мемлекеті мен Қазақия атауларының мәні барабар. Әрине, референдум кезінде ұсыныс-пікірлерімізге төрелікті халық береді. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген атадан балаға мұра болып қалған даналық сөзге мойын ұсынамыз», - дейді ол.