Қазақстанда бидайдың сапасы төмендеп кетті. Тиісінше сапалы бидай да қымбаттаған.
ERNUR.KZ. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында өткен брифингте айтты, деп жазады inbusiness.kz.
Министр ұн мен нан бағасына қатысты сұрақтарға жауап берді.
"Нан бағасынан бастайтын болсақ. Нан қымбаттамас үшін "Азық-түлік корпорациясында" арнайы қор бар. Біз әлеуметтік нанды өндіру үшін бұл резервті қазір пайдаланып жатырмыз. Сәйкесінше барлық өңір қажетті көлемді алды. Ұн бағасына келсек, оның бағасын арзандатуға бағытталған қор бар. Елімізде бидайдың сапасы төмендеп кетті. Тиісінше сапалы бидай да қымбаттады. Ұн бағасының қымбаттауына бидай баға емес, логистикадағы мәселелер де әсер етті. Қазір бұл мәселелер реттелді", - деп жауап берді Серік Жұманғарин.
Тілшілер "Қазақстанда ұн, нан бағасының қымбаттауы күтілмей ме?" деп сұрады.
"Қандай да бір қатты өзгерістер болады деп күтіліп отырған жоқ", - деп қысқа қайырды ведомство басшысы.
Серік Жұманғарин азық-түлік бағасына қатысты мәселелерде нақты статистикаға сүйену қажет екенін баса айтты.
"Біз тек статистикаға сенеміз. Оған сәйкес ұнның орташа бағасы өзгермеген. Бір қазақстандық орташа алғанда аптасына 4 рет сауда жасайды. Оның ішінде ірі сауда жасау үшін супермаркеттерге барса, қалған тауарды үйінің жанында орналасқан дүкендерден алады. Ол жердегі тауар бағасы әрдайым қымбат", - деді Премьер-Министрдің орынбасары.