Наурызда банкроттыққа өтініш қабылдау басталады: азаматтар нені білуге тиіс

0
4 260

​Былтыр 30 желтоқсанда президент "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" заңға қол қойды. Бұл заң қарызға белшесінен батып, кредитін төлей алмай жүрген қазақстандықтарға арналған.


Наурызда банкроттыққа өтініш қабылдау басталады: азаматтар нені білуге тиіс

ERNUR.KZ. Банкроттық туралы заң 3 наурызда күшіне енеді. Сол күннен бастап қарызы бар азаматтар банкроттыққа өтініш береді. Қаржы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде 1,1 млн борышкер өзін банкрот деп жариялай алады, деп жазады sputnik.kz.

Жуырда қабылданған заңда банкроттықтың үш рәсімі көзделген: соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.

Соттан тыс банкроттық

Соттан тыс банкроттықты тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады.
Сотқа арызданбай, банкрот болудың шарттары:
берешек 1 600 АЕК-тен аспауы керек, биыл оның мөлшері 5 млн 520 мың теңге;
қарыз 12 ай бойы төленбеуге тиіс;
мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлігі болмауы шарт;
банкпен қарыз бойынша реттеу жұмыстары жүргізілген болуы керек.
Сондай-ақ алты ай бойы атаулы әлеуметтік көмек алған азамат та соттан тыс банкроттыққа жүгіне алады. Бұл ретте оған "қарыз 12 ай бойы төленбеуге тиіс" деген критерий қолданылмайды.
Сонымен қатар берешегі 5 жылдан артық өтелмегендер де банкрот деп жарияланады. Олардың мүлкінің бар-жоғы тексерілмейді және қарыз сомасы бойынша шектеу қойылмайды.
Қалай өтініш береді
Соттан тыс банкроттық бойынша өтінішті eGov.kz арқылы онлайн беруге болады. Бұдан бөлек, "E-salyg Azamat" қосымшасы арқылы арыз беру мүмкіндігі қарастырылуда.

Сот банкроттығы

Бұл рәсім берешегі 5,5 млн теңгеден асқан азаматтар үшін көзделген.
Сот банкроттығы кезінде борышкердің мүлкі сауда-саттықта сатылып, қарызды жабуға жұмсалады. Егер оның жалғыз баспанасы кепіл зат болып табылса, кредитор оны алуға құқылы. Жалғыз баспана кепіл болмаса, кредиторлар оны талап ете алмайды.
Борышкер банктен өз мүлкін жасырмаса, жалған мәлімет бермесе, қалған өтелмеген сома есептен шығарылады.
Сот банкроттығы рәсімін қаржы басқарушылары жүзеге асырады, олардың құрамына:
заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің банкроттық рәсімін жүзеге асыратын әкімшілер;
кәсіби бухгалтерлер;
заң консультанттары;
аудиторлар кіреді.
Қаржы басқарушыларының қызметі – ақылы. Оларға борышкердің мүлкі есебінен ақы төленеді (айына 1 ең төменгі жалақы, 2023 жылы – бұл 70 мың теңге).
Ал мүлкі жоқ, халықтың әлеуметтік осал тобына жататын адамдар үшін қаржы басқарушыларының қызметі – тегін. Олар үшін мемлекет ақша төлейді.
Сот банкроттығы рәсімін бастаған борышкерге:
мүлікті иеліктен шығару немесе жаңа міндеттемелер қабылдау бойынша мәміле жасасуға (қарыз алу, кепілдік беру);
шетелге шығуға тыйым салынады.
Өтінішті борышкердің тұрғылықты жері бойынша сотқа беруге болады. Банкроттықты өткізу мерзімі – 6 ай, оны тағы алты айға ұзарту мүмкіндігі бар.
Соттан тыс және сот арқылы банкроттық процедураларынан өткен азаматқа "банкрот" статусы беріледі.

Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру

Тұрақты табысы бар қазақстандықтар осы рәсімді қолдана алады. Олар сот арқылы қарызды 5 жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігін алады.
Сауықтыру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі.
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге өтініш беруді жоспарлап отырған борышкер үшін жалғыз шарт – қарыз мөлшері оған тиесілі мүліктің құнынан аспауы керек.
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру шаралары:
мүліктің бір бөлігін сату;
мүлікті жалға беру;
жаңа үй сатып алу арқылы тұрғын үйді сату;
құны төмен үйге айырбастау және басқасы.
Бұл процедураның артықшылығы – адамға "банкрот" мәртебесі берілмейді, сондықтан банкрот үшін көзделген салдар оған қолданылмайды.

Банкроттыққа кім өтініш береді

Кредиторлар немесе басқа үшінші тұлғалар қарызы бар адамды мәжбүрлі түрде банкрот деп жариялай алмайды. Яғни әрбір азамат шешімді өзі қабылдайды.
Банкроттық процедурасын борышкердің өзі ғана бастай алады.

Банкрот болудың салдары

Соттан тыс және сот банкроттығын қолданатын азаматтар:
банктер мен микроқаржы ұйымдардан 5 жыл бойы кредит ала алмайды (ломбардтардың микрокредиті кірмейді);
банкроттыққа тек 7 жылдан кейін ғана жүгінеді;
қаржылық жағдайы үш жыл бойы тексеріледі.

Банкроттыққа кімдер үміттене алмайды

Сот шешімімен алиментті, басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды, сондай-ақ қылмыстық құқықбұзушылықтар үшін келтірілген шығынды өтеуге міндеттелген азаматтар банкроттық рәсімін қолдана алмайды.