Әйгілі экстрасенс Назарбаевтан кейінгі елдің болашағы жайлы айтты
Әзірбайжанда өткен экстрасенстер байқауының чемпионы, Украинада өткен экстрасенстер байқауында үздік бестік қатарынан табылған Камрян Самедов Қазақстанның болашақ президентіне қатысты өз болжамын айтты. Ол Аман Тасығанның Talk Like жобасына сұхбат берген, деп хабарлайды ERNUR.KZ. Stan.kz ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.
“Мен пайғамбар емеспін. Кез келген адам қателеседі. Сол сияқты мен де кей жерлерде қателесуім мүмкін. Бірақ көбіне үлкен қателік жібермеймін. Мысалы, сіз маусым айында көлік аласыз деп айтсам, тамыз айында алуыңыз мүмкін. Сол сияқты кішігірім қателіктер. Ал жалпы болжамдарымның басым бөлігі орындалады”, – деп ескертті экстрасенс.
Бұдан кейін Қазақстанның болашағына болжам жасады.
“ЭКСПО болмай тұрып та Қазақстанға турист көп келеді деп айтқан болатынмын. Жалпы Қазақстанның болашағына көп мәрте болжам жасадым. Қазақстанның болашағы жақсы болады, соғыс көріп тұрған жоқпын. Бейбітшілік жайлап тұрған ел әрқашан осындай болып қала берсін. Дағдарыс жаймен кетеді. ТМД-ның басқа елдерімен салыстырғанда Қазақстан экономикасы ең дамыған елдердің бірі болады. 2050 жылы адамдар демалу үшін Дубайға емес, Қазақстанға барады”, – дейді Камрян.
Сондай-ақ, Самедов елдің болашақ президентіне қатысты өз ойын айтты.
“Ататүрік жайлы білетін шығарсыз? Оның кеткеніне қанша жыл болды, қаншама президент басқарды?! Бірақ бүкіл Түркия Ататүрікті біледі. Біздің президент (өзімді де осы елдің азаматы санаймын) 30 жыл ел басқарды. Ең қиын кезеңде де елді алға сүйреді. Нұрсұлтан Әбішұлы – мәңгілік президент болып тарихта қалады.
Нұрсұлтан Назарбаев бұл мемлекетті құрды. Кейін басқа адам бұл елді басқаратын шығар, бірақ ол президент емес. Бар болғаны басқарушы, ал президент бізде жалғыз. Тек бір айтарым, болашақ басқарушыны халықтың өзі таңдайды”, – дейді Камрян.
Сондай-ақ, экстрасенс Назарбаевтан кейін елді әйел адам уақытша басқаруы мүмкін екенін атап өтті.
“Бірақ уақытша ғана. Одан кейін сайлау болып, елді ер адам басқарады”, – деп мәлімдеді ол.