Қарыз алушылардың бір бөлігінің проблемалық несиелері бар.
ERNUR.KZ. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова несиесі кешірілген адамдар банктерге тағы қарыз болып қалғанын мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.
"Біз жағдайға талдау жүргіздік. Өкінішке қарай, 2019 жылы кредит амнистиясына іліккен қарыз алушылардың көбісі тағы несие алған. Бір бөлігі қарызын өтей алмай жүр. Әрине, бұл азаматтардың төлем қабілеттілігін дұрыс бағалауға қатысты мәселе", - деді Әбілқасымова мәжіліс кулуарында.
Айтуынша, бүгін мәжілісте мақұлданған заң жобасы кредит беру стандарттарын күшейтуге және проблемалық несиелері бар азаматтардың қарыз жүктемесін азайтуға бағытталған.
Агенттік төрағасы қаржы ұйымдарына қайтадан қарыз болып қалған борышкерлердің нақты санын кейінірек ұсынуға уәде берді.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы мыңдаған қазақстандықтың кепілсіз тұтынушылық несиелері кешірілген болатын. Несие амнистиясына көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар және тағы басқалары ілікті.