Нұр-Сұлтан қаласының таныстырылымы астаналықтардың болашақтағы табысына оң ықпал ететін болады.
ERNUR.KZ. Шаһар басшысы Бақыт Сұлтанов Испанияның Effe телерадиокорпорациясына сұхбат беріп, Нұр-Сұлтан қаласының бүгіні мен болашағы туралы сөз қозғады, деп жазады ҚазАқпарат.
«Кеше испандық Effe телерадиокорпорациясы халықаралық іс-шара аясында берген сұхбатымды көрсетті. Пиреней түбегі мен испан тілді елдерден келуге ниет білдірген туристер біз туралы біршама мәлімет алды деп ойлаймын. Нұр-Сұлтан қаласының таныстырылымы астаналықтардың болашақтағы табысына оң ықпал ететін болады. Ең маңыздысы, бас қаламыз арқылы бүкіл Қазақстанға қызығушылық артады», - деп жазды Б.Сұлтанов өзінің Фейсбук парақшасында.
Қала туралы таныстырылымды әкім «Welcome to Nur-Sultan, try the changes» (Нұр-Сұлтанға қош келіңіздер, өзгерістерді көріңіздер!) деген сөзбен аяқтады.
«Туризм тұрғысынан алып қарағанда біз еліміздегі прогрессивті процестердің барынша пайдалы жағын қарастыруымыз қажет деп ойлаймын», - деді әкім.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, елорда әкімі Бақыт Сұлтанов Лиссабонда өткен UNWTO-ға мүше елдер қалаларының басшылары мен туризм министрлерінің форумына қатысты. Дүниежүзілік туристік ұйымның қалалық туризм бойынша келесі 8-ші жаһандық саммиті Нұр-Сұлтан қаласында өтеді.