Қайтыс болғандардың отбасына, зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр.
ERNUR.KZ. Қала әкімі бүгінгі жол көлік оқиғасынан қайтыс болғандардың отбасына және зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды, деп жазады Елорда Инфо.
«Қайтыс болған жандардың туған-туыстарына әкімдік атынан және өз атымнан қайғыра көңіл айтамын. Бүгінгі жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам қайтыс болып, 36 адам түрлі жарақат алған. Қазір олар медициналық көмек алуда», - деді Бақыт Сұлтанов әкімдікте өткен жиналыста.
Осы орайда әкім бүгінгі жол көлік оқиғасынан қайтыс болғандардың отбасына, зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетуді және жол-көлік оқиғасының себебін анықтауды тапсырды.
Айта кетейік, бүгін таңертеңгі сағат 09:14 шамасында қаладағы Ұлы дала көшесі мен Қабанбай батыр даңғылының қиылысында бірнеше қоғамдық көлік бір-біріне соқтығысып ірі жол апаты орын алды.
Оқыс оқиға салдарынан екі адам сол жерде қаза тапты. Қаза болғандардың кімдер екендігі белгілі болды.