Министрілктер үйінің артында, Ақорда жақта шағын орман бар. Видеодағы қоян сол орманнан келуі мүмкін.
ERNUR.KZ. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті елорда көшелерінде жүрген ор қоянға қатысты видеоға пікір білдірді, деп жазады ҚазАқпарат.
Әлеуметтік желіде Министрліктер үйінің маңында жүрген қоян туралы видео тарады. Видео авторы карантиннің табиғатқа оң әсер етіп жатқанын, аң-құстардың адамнан қорықпайтынын айтады.
«Шын мәнінде табиғаттың жандануына карантиннің еш қатысы жоқ. Қоян, түлкі, елік сынды жабайы аңдар астанамызда баяғыдан бар», - деп жауап берді Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет.
Оның айтуынша, Министрілктер үйінің артында, Ақорда жақта шағын орман бар. Видеодағы қоян сол орманнан келуі мүмкін.
«Нұр-Сұлтанда аң-құстың түр-түрі бар. 1997 жылы елорданың жасыл белдеуі құрыла бастады және Елбасының жыл сайын табиғатқа қырғауыл мен елік жіберуі дәстүрге айналды. Есіл өзенінде спорттық балық аулауды дамыту, өзендер жүйесін сақтау үшін жыл сайын 200 мың шабақ жібереміз. Одан бөлек, су бетіне аққу, қаз, қоқиқаздар уақытша қонақтайды. Қала іші неғұрлым орманға толса, соғұрлым экологиялық теңгерім сақталады», - деді Сәкен Ділдахмет.