Нұр-Сұлтанда полицейлер қырқынан жаңа шыққан сәбиді өрттен құтқарып қалды

0
1 161

Өрт кезінде батылдық танытқан полицейлер – Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторлары.


Нұр-Сұлтанда полицейлер қырқынан жаңа шыққан сәбиді өрттен құтқарып қалды

ERNUR.KZ. 12 тамызға қараған түні Нұр-Сұлтан қаласындағы тұрғын үй кешендерінің бірінен өрт шықты. Полиция қызметкерлері бүтін бір отбасыны қызыл жалыннан аман алып шықты, деп жазады Stan.kz.

Бұл кезде пәтер иесі Жанар Сәдуақасқызы 14 жасар қызы және қырқынан жаңа шыққан сәбиімен ұйықтап жатқан еді. Шошып оянған ол өртті байқаған бойда дереу өрт сөндірушілерге хабарласады. Күш алған өрттің ішінен өз беттерімен шыға алмайтынын түсінген әйел пәтердің есігін ашық қалдырып, балконға шығып, бар дауысымен айқайлап көмек сұрайды.

«Баламның аузын сулы матамен жауып, барынша терең демалуға тырыстым. Алайда, уақыт өткен сайын қара түтіннің ішінде демалу қиындай түсті. Қасымда 14 жастағы қызым болды. Күйеуім Қарағандыдан келе жатқан еді. Бар ойым екі баламды құтқару болды. Қанша уақыт өткені белгісіз, бір мезетте үйге полицейдің кіріп келе жатқанын байқадым. Мен оларды шақырмаған едім, ол қайдан келді деп аң-таң болдым. Кейін анықталғандай, менің көмекке шақырған дауысымды естіп, көршілердің бірі полицияға хабарлаған екен. Полиция қызметкері ең алдымен мені сабырға шақырып, ешқандай арнайы техникасыз бізді аман алып шықты. Сол сәтті ойласам, әлі өз-өзіме келе алмаймын. Алғысымды қалай жеткізерімді білмеймін. Дінмұхамед секілді тәртіп сақшыларының қатары көбейе берсін. Оның ержүректігінің, батылдығы мен кәсібилігінің арқасында аман қалдық. Оның серіктесі де рация арқылы жағдайды бақылауда ұстап, бағдар беріп тұрды. Біз осы екі полицейге мың алғыс білдіреміз», - дейді Жанар Сәдуақасқызы.

Өрт кезінде батылдық танытқан полицейлер – Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторлары полиция аға лейтенанты Дінмұхамед Масадықов пен полиция аға лейтенанты Ернат Ақанов екені кейін анықталды.

«Үйде кішкентай бала барын білген кезде, бар ойым сәбиді аман алып шығу болды. Өйткені үлкен адамдар өрт сөндірушілер келгенше шыдай алар еді, ал бөбектің аман қалуы екіталай. Қолымнан келгенін жасап, ең бастысы анасын сабырға шақырдым. Бәрінің дін аман шыққанына қуанамын», - дейді батыр сақшы Дінмұхамед.