Нұр-Сұлтанда талантты жастар «Елбасы медалімен» марапатталды

0
601

Жоба жеті бағыттан тұрады.


Нұр-Сұлтанда талантты жастар «Елбасы медалімен» марапатталды

ERNUR.KZ. Елордада жастарға арналған «Елбасы медалінің» иегерлері белгілі болды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Бүгін ерекше күн. Талантты жастармен жүздескеніме қуаныштымын. Сіздер мектеп, аудан, қала ғана емес ел көлемінде өз таланттарыңызды танытып отырсыздар. Сіздер жүздеген дарынның ішінен үздік атанып отырсыздар. Бүгінде елімізде 14 пен 29 жас аралығында 4 млн-ға жуық жас буын бар болса, сіздер солардың арасынан өз таланттарыңызбен ерекшеленіп отырсыздар. Осы секілді жастарға серпін беретін жобалардың қатары көбейе берсін. Бүгінгі жобамен шектелмей басқа да шараларға белсене қатысып мүмкіндіктерді пайдаланған жөн», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәди Ахметов «Елбасы медалін» табыс ету салтанатты шарасында.

Жоба жеті бағыттан тұрады. Атап айтқанда, спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік, саяхаттар мен жорықтар және еңбек тәжірибесі. Және жобаға қатысушылар 6 айдан 18 айға дейін өзі таңдаған сала бойынша белгілі тапсырмаларды орындайды.

Бүгінгі шарада Нұр-Cұлтан қаласы мен Ақмола облысынан қатысқан 27 жас дарынға «Елбасы медалі» табыс етілді.

«Өздеріңіз білетіндей, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастарға арналған жобаларға ерекше мән беріп, баса назар аударады. Соның дәлелі 2019 жылы «El Úmiti» жобасы әзірленді. Аталған жоба жастарды кешенді дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі жалғыз бағдарлама деуге болады. Оның аясында «Мың бала», «Қабілет» жобалары қолға алынды және бүгін қорытындыланып отырған «Елбасы медалі» жобасы. Бұл жобаға еліміздің 14 пен 29 аралығындағы жастар қатыса алады. Жобаға осы күнге дейін еліміздің әр өңірінен 20 мыңға жуық жас буын қатысып, олардың 4 мыңы күміс және қола медаль иегері атанды. Бүгінгі жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймын. Осымен шектелмей алда бұдан да биік асуды бағындыра беріңіздер - дейді «Елбасы Академиясының» басқарушы директоры Әнуар Жанғозин.

Жоба авторларының айтуынша, аталған медаль иегерлері отандық жоғары оқу орындарына білім гранттарын тағайындау кезінде артықшылыққа ие болады. Яғни талапкерлердің ҰБТ балдары тең болған жағдайда, Елбасы медалінің иегеріне басымдық беріледі.

«Мен үшін бүгін өте ерекше күн, себебі алғашқы медалімді алдым. Бұл марапатпен қатар маған үлкен жауапкершілік артылғанын сезінемін. Еңбегімнің бағаланғанына қуаныштымын. Жобаға қатысудың арқасында еліміздің мәдени мұрасын зерттеп, отандық шығармалармен жақынырақ таныса алдым», - деді медаль иегері Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенті Динара Оралбекова.

Биыл еліміз бойынша 605 «Елбасы медалі» иегері білім гранттарына ие болған және олардың 30%-дан астамы ауыл мектептерінің түлектері.