Нұрбол Назарбаев банкрот деп танылды: Оның қандай активтері қалды

0
113

​Марқұм Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаев банкрот деп танылды.


Нұрбол Назарбаев банкрот деп танылды: Оның қандай активтері қалды

Фото: online.zakon.kz / Марқұм Болат Назарбаев пен ұлы Нұрбол Назарбаев

ERNUR.KZ. Оның активтері 57 миллиард теңге көлемінде тәркіленіп, есепшоттары мен мүлкіне тыйым салынды. Forbes.kz тізімінде болған бұрынғы кәсіпкердің атына әлі де бірнеше компания мен жер телімдері тіркелгені анықталды. Нұрбол Назарбаев енді бес жыл бойы несие ала алмайды және жеке кәсіпкер ретінде тіркеле алмайды, деп жазады stan.kz.

Мәліметтерге сенсек, "Prime Cap" ЖШС (бұрынғы атауы – "Prime Capital Holding") Нұрбол Назарбаевтың негізгі компаниясы. Соңғы екі жылда салық төлемеген, жалпы төлем көлемі 37,5 миллион теңге. Adata.kz дерегіне сенсек, компания қазір тарату сатысында және өз атына тіркелген активтері жоқ. Оның 15 тікелей еншілес компаниясы соңғы 12 айда бюджетке 28,8 миллион теңге төлеген.

Негізгі еншілес және қосалқы компаниялар (салық көлемі мен мүлік бойынша) "Prime Capital Real Estate" ЖШС жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқару қызметімен айналысады. 2016 жылдан бері 209,4 миллион теңге салық төлеген.

Adata.kz мәліметінше, компанияның Алматы облысында үш жер телімі және 22 жылжымайтын мүлік нысаны бар. Жерлердің мақсатты қолданылуы – ауыл шаруашылығын жүргізу және спорттық-сауықтыру профилакториін қызмет көрсету.

"Prime Capital Re Plaza" ЖШС жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқарумен айналысады. 2015 жылдан бері шамамен 290 миллион теңге салық төлеген. Компанияның Алматы қаласында екі жер телімі бар, олардың бірі бизнес-орталық пен қонақүй кешенін пайдалану және қызмет көрсету үшін арналған.

Ал "Бахар-А" ЖШС – Қарасай ауданының Алмалыбақ ауылында орналасқан үш қабатты той ғимараты. 2015 жылдан бері 44,4 миллион теңге салық төлеген. Компания 2013 жылы Болат Назарбаев пен Алматы облысының кәсіпкері Әзім Абдуллаевтың атына тіркелген (қазір де Абдуллаев компанияның тең иесі). 2022 жылы Әзім Абдуллаев Болат Назарбаевты өзге кәсіпорны – Almaty Steklo зауытының 50%-ын рейдерлік жолмен тартып алды деп айыптаған.

Нұрбол Назарбаевтың негізгі жер активтері "Prime Cap" компаниясының еншілес ұйымдары Prime Capital Re Ushkonyr, Prime Capital Re Alakol, Prime Capital Re Talgar және Prime Capital Re Karasay арқылы шоғырланған.

Мысалы, кадастр картасы деректеріне сәйкес "Prime Capital Re Ushkonyr" ЖШС арқылы Нұрбол Назарбаев Шамалған ауылында орналасқан 2,36 га жер теліміне иелік етеді. Онда бұрын шарап-арақ өнімдерін шығаратын зауыт орналасқан. Ал зауыттың жылжымайтын мүлкі басқа компаниясы – "Prime Capital Re Talgar" ЖШС атына тіркелген. Бұл кәсіпорын бір кездері "Талғар шарап зауыты" деп аталып, 2004–2016 жылдары Болат Назарбаевқа тиесілі болған.

Зауытқа іргелес 1,55 га жер телімі бар, оның мақсатты қолданылуы – ет-сүт және жеміс-консерві цехтарын салу және пайдалану. Мемлекеттік кадастрда бұл жердің иесі көрсетілмеген, бірақ Adata.kz деректері бойынша дәл осындай нысаналы жер "Prime Capital Re Ushkonyr" компаниясына тиесілі. Демек, бұл жер де Нұрбол Назарбаевтың меншігінде болуы мүмкін. 2022 жылы "Азаттық радиосы" хабарлағандай, Назарбаевтар әулетіне Үшқоныр жазығында кемінде 9 мың гектар жер тиесілі болған. Жер иелері ретінде Breeding company, QazAgro Centre және Steppe AgroMeat компаниялары аталған – бұлар "Prime Capital Re Karasay" еншілес ұйымдары.

2025 жылы бұл жерлердің Қайтарылған активтерді басқару компаниясының балансына өткені белгілі болды. Дегенмен Ұшқонырда Назарбаевтардың атына тіркелген біраз жер әлі де бар.

Adata.kz мәліметінше, "QazAgro Centre" мен "Steppe AgroMeat" қазір ауыл шаруашылығына арналған және жеке қосалқы шаруашылық жүргізуге арналған алты жер теліміне иелік етеді.

Кадастр картасы бойынша Үшқоныр маңында Steppe AgroMeat компаниясына тиесілі 1,4 га және 2,2 га жер бар (екеуі де қосалқы шаруашылыққа арналған). Қызығы, дәл қасында 6,2 га жер телімі орналасқан, ол жеке тұрғын үй құрылысына арналған және Нұрали Әлиев пен Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысы бар компанияға тиесілі.

Сондай-ақ шамамен 100 гектар жер (шаруа қожалығын жүргізу үшін) "Prime Capital Re Karasay" ЖШС атына тіркелген. Ұшқоныр аймағында Назарбаевтар иелігінде бұдан да көп жер бар болуы ықтимал, бірақ олардың көбі мемлекеттік кадастрда ашық көрсетілмеген.

Нұрбол Назарбаевқа тиесілі "Prime Capital Invest" компаниясы 2020 жылдан бері 5,5 млн теңге салық төлеген. Оның еншілес кәсіпорны Іле ауданындағы "Qaz-Ak-Kus" құс фабрикасы. 2016 жылдан бері 362,8 млн теңге салық аударғанымен, соңғы жылдары төлем азайған. Қазір фабриканың жалпы берешегі шамамен 135 млн теңге. Компанияның меншігінде Чапаево ауылында 31 гектар жер және оған іргелес 114,8 гектар ауыл шаруашылығы жері бар.

Сонымен қатар "PLS-TM" және "PLS инвестициялық-құрылыс компаниясы" арқылы Нұрбол Назарбаев Алматы ауыр машина жасау зауытының (АЗТМ) үлесіне ие. 2024 жылғы есеп бойынша зауыттың 54,67 пайызы Нұрбол Назарбаев пен Эдгар Салдузиге тиесілі. Кәсіпорын өткен жылы 1,3 млрд теңге пайда тапқан.

2025 жылдың маусымында Нұрбол Назарбаев BNC Plaza бизнес орталығын басқаратын "Prime Capital Plaza BC" компаниясынан шыққан.

Одан бөлек, Нұрбол Назарбаев аты бірнеше рейдерлік айыптаулармен де аталды. 2024 жылы кәсіпкер Қуат Ерментаев оны өз үлесін тартып алды деп мәлімдеген. Ал жуырда мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Нұрбол Назарбаевтың Жанатұрмыс ауылындағы 9 мың гектар жерді иемденіп алғанын айтып, Бас прокуратурадан тергеу жүргізуді талап етті. Сондай-ақ депутаттар "Алтын Орда" базарына қатысты да тексеру жүргізуді сұрап отыр. Бұл нысан бұрын Болат пен Нұрбол Назарбаевтардың бизнес мүдделерімен байланысты болған.

Еске салайық, Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаев соңғы жылдары бірнеше даулы іс бойынша жиі аталып жүр. Оның атына тіркелген "Prime Capital Invest" және оған қарасты компаниялар ірі жер иеліктері мен өндірістік нысандарға ие болған. 2024 жылы кәсіпкер Қуат Ерментаев Нұрбол Назарбаевты бизнес үлесін рейдерлік жолмен тартып алды деп айыптаған. Ал биыл Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Бас прокуратурадан оның Жанатұрмыс ауылындағы 9 мың гектар жерді иемдену дерегін тексеруді сұраған.