«Нұрлы жол» темір жол вокзалын салған кездегі былықтар анықталды

0
1 773

Темір жол вокзалының мүгедектерге арналған ақпараттық-дабыл құрылғысына 11,1 млн теңге бөлінгенімен ол құрылғылар жұмыс істемейді.


«Нұрлы жол» темір жол вокзалын салған кездегі былықтар анықталды

ERNUR.KZ. «Нұрлы жол» темір жол вокзалын салу барысында 50 млн теңгенің жұмыстары сапасыз орындалып, құрал-жабдықтар орнатылмаған. Бұл туралы бүгін Есеп комитетінің мүшесі Константин Плотников айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«ЭКСПО-2017» көрмесінің ашылуына орай қызмет көрсете бастауы тиіс болған Астанадағы жаңа темір жол вокзалының бастапқы құны 210,3 млрд теңге болатын. Құрылыс барысында ол 243,6 млрд теңгеге дейін артты. Пайдалануға құрылыс-монтаждау жұмысының, құрал-жабдықтар мен құрал-сайманның тек 36,3 пайызы ғана пайдалануға берілген. 50,7 млн теңгенің жұмыстары сапасын орындалып, құрал-жабдықтар орнатылмаған», - деді ол.

Оның дерегінше, темір жол вокзалының мүгедектерге арналған ақпараттық-дабыл құрылғысына 11,1 млн теңге бөлінгенімен ол құрылғылар жұмыс істемейді. Қысқы зал құрылысына арналған 22,1 млн теңге мақсатына сай жұмсалмағандықтан тиімсіз пайдаланылған.

«Сұйытылған ауа және азот өндірісін орнату жөніндегі жобаны жүзеге асыруға бөлінгенімен пайдаланылмаған бюджет қаражатын бюджетке қайтару тетігінің болмауы салдарынан 2015 жылдан бері 18 млрд теңгеден астам қаражат бақылау есеп шотында жатыр», - деді К.Плотников.

Айта кетерлігі, бүгін Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің отырысы өтіп, онда ҚР Ұлттық экономика министрлігінің 2014-2018 жылдарға арналған стратегиялық жоспарының және Қазақстанда көрсетілетін қызметтер саласын дамыту жөнінжегі 2020 жылға дейінгі бағдарламаның іске асырылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы шығарылған болатын.