Әр оқушының ақшасы картаға әлеуметтік бірлік болып түседі және оны нақты тауар түріне ғана жұмсауға болады.
ERNUR.KZ. Елордада жалпыға бірдей міндетті орта білім беру бағдарламасы аясында материалдық көмек көрсету шаралары басталды, деп жазады sputnik.kz.
Материалдық көмектің мөлшері – 40 мың теңге. Былтыр оны 13 245 оқушы алса, биыл 15 мыңға жуық оқушыны қамту жоспарланып отыр. Көмек алатын балалардың нақты санаттары да айқындалған.
Олар:
- мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар;
- жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз, сол сияқты мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын отбасылардан шыққан балалар;
- жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған отбасыларда тұратын балалар;
- төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар;
- білім беру ұйымының алқалы органы белгілейтін білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттары;
Биыл материалдық көмек "Атамекен" ұлттық палатасы ұсынған "BMC Sales" цифрлы платформасы арқылы көрсетіледі. Ал әрбір оқушының ақшасы арнайы картаға әлеуметтік бірлік болып түседі. Оны белгілі сауда орнында және нақты тауар түріне ғана жұмсауға болады.
"Мысалы былтыр бағдарламаға 16 компания және 27 сауда орны қатысса, биыл 18 компания және 30 сауда орнында тауар сатып алуға мүмкіндік бар. Ал әлеуметтік бірліктердің қозғалысын алушылар, әлеуметтік педагогтер, кәсіпкерлер және бағдарлама әкімшілері жеке кабинет арқылы қадағалайды", - дейді мамандар.
Қазіргі уақытта мектептер балалардың мәліметтерін автоматтандырылған жүйеге енгізу жұмыстарын атқарып жатыр. Өтініш беру үшін ата-аналар баласы оқитын мектепке жүгінуге тиіс. Мектептің алқалы органы өтінішті 15 күннің ішінде қарайды. Бағдарлама 31 қазанда аяқталады.
Осы орайда қала әкімдігі "Мектепке жол" дәстүрлі акциясы аясында да оқушыларға көмек көрсетілетінін еске салады. Ресми мәліметке сәйкес, жыл басынан бері 3 648 оқушы көмек алған. Олардың санын 7 мыңға жеткізу жоспарланып отыр.
Акция аясында көмек алу үшін "Менің Атамекенім" порталының "Мектепке жол" парақшасында өтініш қалдыру қажет.
Бұдан бөлек, биыл аудандық әкімдіктер 2 100 балаға керек-жарақтары бар мектеп рюкзактарын табыстайды.