Платформаға жүктелген қазақ тіліндегі түпнұсқа мәтін "Ақсақ құлан" ертегісіне қатысты алты сөйлемнен құралған.
ERNUR.KZ. Online mektep платформасында үшінші сынып оқушыларына арналған тапсырма әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті. Қолданушылар орыс тіліндегі мәтінде әдепсіз сөздер жазылғанын суретке түсіріп, білім министрлігін сынға алды, деп жазады sputnik.kz.
Фейсбуктегі "Талдықорганец" тобында Online mektep-те жаттығудың скриншотымен жазба жарияланды. Үшінші сынып оқушыларына орыс тілінде берілген тапсырмада грамматикалық және мағыналық қателері көп мәтін ұсынылған. Онда: "злой осел попадает в охотника", "сыграл на кюи" деген сияқты сөйлемдер мен бейәдеп сөздер жазылған.
Осы жағдайға қатысты арнайы түсініктеме берген Online mektep жобасының атқарушы директоры Санжар Кенжеханұлы тапсырманың түпнұсқасы қазақ тілінде берілгенін – онда ешқандай қателіктер жоқ екенін атап өтті.
"Кейбір қолданушылар мәтінді аударуда интернеттегі автоматты аудармашыны қолданады. Былайша айтқанда хайп жасау үшін скриншот түсіріп, чаттар арқылы жібереді. Online mektep платформасында ешқандай қателіктер жоқ. Платформаны жасаушыларға автоматты аудару тетігін қолдануына жол берілмейді. Ал негізінен оқулықтағы тапсырма дұрыс құрастырылған. Жалпы бұл өзі желі қолданушылары арасында түрлі пікір жазғызып немесе лайк жинау үшін жасалатын әрекет емес", – деді ол.
Айта кетейік, платформаға жүктелген қазақ тіліндегі түпнұсқа мәтін "Ақсақ құлан" ертегісіне қатысты алты сөйлемнен құралған:
"Ертеде ханның ұлы аң аулауға шығады. Ол бір құланды жаралайды. Ызалы құлан аңшыға тап беріп, оны өлтіреді. Хан жамандықтық болғанның сезеді. Сол кезде бір күйші домбырасын алып, күй тартады. Хан күй арқылы бәрін түсінеді".