Таиландта КҮННЕН ҚОРҒАЙТЫН крем үшін АЙЫППҰЛ төлеуіңіз мүмкін

0
983

Айыппұл көлемі анау-мынау емес, 1,5 млн-нан асады


Таиландта КҮННЕН ҚОРҒАЙТЫН крем үшін АЙЫППҰЛ төлеуіңіз мүмкін

Сурет: avatars.dzeninfra.ru

Таиландқа демалуға баруды жоспарлаған туристерге маңызды ереже ескертілді. Теңіз ұлттық парктерінде күннен қорғайтын кейбір құралдарды қолдану қомақты айыппұлға әкелуі ықтимал.

Таиланд билігі теңіз ұлттық парктерінде кейбір күннен қорғайтын құралдарды пайдалануға тыйым салды. Енді талапты бұзған туристер 100 мың батқа дейін айыппұл төлеуі мүмкін. Төл теңгемізге шаққанда, бұл шамамен 1,6 млн теңге.

Ел билігі танымал кремдердің құрамындағы химиялық заттардан зардап шеккен маржан рифтерін қорғау шараларын күшейтіп отыр. Ұлттық парктер, жабайы табиғат және өсімдіктерді қорғау департаментінің (DNP) мәліметінше, бұл шара да сол мақсатта қабылданған.

Ведомствоның бас директоры Аттапол Чароэнчанса (Atthaphol Charoenchansa) айтуынша, құрамында төрт зат бар өнімдерге тыйым салынған. Жаңа ережелерге сәйкес олар: Oxybenzone, Octinoxate, 4-Methylbenzylidene Camphor және Butylparaben. Бұл компоненттер теңіз экожүйесіне зиянды деп танылған.

«Бұл химиялық заттар маржандарға тікелей зиян келтіреді: дернәсілдердің дамуына кедергі жасап, көбею процесін бұзады және рифтердің ағаруына себеп болады. Соның салдарынан маржандар қырылады», — деді Чароэнчанса.

Ведомство басшысы Аттапол Чароенчанса бұл компоненттердің теңіз экожүйесіне тікелей зиян келтіретінін атап өтті. Олар маржандардың өсуі мен көбеюіне кедергі жасап, рифтердің ағаруына және жойылуына себеп болады.


Таиландта қандай құралдарға рұқсат етіледі?

Тайланд билігі заңды бұзбау, айыппұл арқаламау үшін туристерді қаптамасында «Reef Safe» немесе «Reef Friendly» белгісі бар өнімдерді таңдауға кеңес береді. Мұндай құралдарда қауіпті химиялық қосылыстар болмайды. Осылайша қауіпті ингредиенттері жоқ әрі теңіз флорасы мен фаунасына қауіпсіз саналатын құралдарды таңдауға шақырды.

Улы кремдерден бас тартумен қатар, демалушыларға теңіз парктеріндегі мінез-құлық ережелері еске салынды:

— маржандарды ұстамау және баспау;

— рифтерден кемінде екі метр қашықтық сақтау;

— қоқыс тастамау, қалдықтарды теңізге шығармау;

— парк қызметкерлерінің нұсқауларын орындау.

Ережені бұзғандар 2019 жылғы Ұлттық парктер туралы заңға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Елдегі барлық қорғалатын аумақтардың қызметкерлеріне жаңа талаптардың орындалуын қатаң бақылау және туристер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылған.

Таиланд билігі маржан рифтерін сақтау – тұрақты туризм стратегиясының маңызды бөлігі екенін атап өтеді. Өйткені елге жыл сайын миллиондаған саяхатшыны тартатын басты құндылық – табиғаттың көркемдігі мен теңіздегі биоалуантүрлілік.

Ереже бұзғандар 2019 жылғы Ұлттық парктер туралы заңның (20 және 47-баптар) талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Бұл заң 100 000 батқа дейін (шамамен 1,65 миллион теңге) әкімшілік айыппұл қарастырады.

Ел бойынша барлық теңіз парктеріне жаңа талаптардың орындалуын қатаң бақылау және туристермен түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылған. Ведомство өкілдерінің айтуынша, бұл бастаманың мақсаты тек табиғатты қорғау емес, сонымен қатар Таиландтың тұрақты туризм үшін тартымдылығын сақтау.

«Бұл жай ғана формалды талап емес, бұл миллиондаған адамды осы елге тартатын сұлулықты сақтаудың жолы», - деп атап өткен департамент өкілі.

Таиландтың маржан рифтері әлемдегі ең танымалдарының бірі. Алайда соңғы жылдары олар климаттың өзгеруі мен мұхиттардың ластануы салдарынан зардап шегіп келеді. Экологтардың пікірінше, жаңа шаралар экожүйеге түсетін салмақты азайтуға көмектеседі.


Мұндай тыйым тағы қай елде бар?

Тынық мұхитындағы аралдарда орналасқан Палау Республикасы күннен қорғайтын кремдерге тыйым салған әлемдегі алғашқы ел атанды. Бұл туралы BBC хабарлады.

Палау президенті Томас Эсанг Ременгесау (кіші) 2020 жылдан бастап арал аумағында күннен қорғайтын кремдерді пайдалануға тыйым салатын заңға қол қойды. Ел аумағында құрамында оксибензон, октиноксат және тағы сегіз улы ингредиенті бар күннен қорғайтын кремдерді сатуға әрі қолдануға болмайды. Осы уақыттан бастап шекарадан өткен кезде туристердің күннен қорғайтын құралдары тәркіленеді. Ал тыйым салынған кремді пайдаланғандар 1000 доллар айыппұл төлейді.

Палауда шамамен 20 мың адам тұрады. Палаудың жартасты аралдары ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген.

Ел билігі мұндай шешімді кремдердің қоршаған ортаға, соның ішінде маржан рифтері мен тропикалық балықтарға зиян келтіретініне байланысты қабылдаған. Палау президенті Томас Ременгесау токсинді заттар аралдардың көптеген аймақтарынан, сондай-ақ тірі ағзалардың тіндерінен табылғанын айтты.

Палау мен Тайландтан бөлек, күннен қорғайтын кремдерге тыйым салуды Гавайи, АҚШ-тың Виргин аралдары және Кариб теңізінің оңтүстігіндегі Нидерландқа қарасты Бонэйр аралы да жоспарлап отыр.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

АУА РАЙЫ ҚҰБЫЛМАЛЫ: Вьетнамда демалысты қалай ұйымдастырған дұрыс?