Он ғасыр бойы сақталған ​«Жебелі қылшан» қайың қабығы таныстырылды

0
3 222

Қылшанның тұсаукесерімен қатар музейде «Ұлы даланың ұлы мерекесі – Наурыз» аталып өтті.


Он ғасыр бойы сақталған ​«Жебелі қылшан» қайың қабығы таныстырылды

Бүгін Алматы облысы, Есік қаласындағы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне арналған мерекелік іс-шара аясында шамамен IX-X ғғ. жататын қайың қабығы, ағаштан жасалған «Жебелі қылшанның» таныстырылымы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Музей тарихымызды тану үшін ғана емес, тарихымызбен мақтану үшін де қызмет ететін орын. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін музейдің қиын да күрделі, жауапты да сауапты жұмыстарында талмай еңбек етіп келе жатқан музей қызметкерлері осындай жәдігерлерді барынша сақтауға күш салып келе жатқандарына алғыс білдіремін, - деді таныстырылым барысында белгілі реставратор Қырым Алтынбеков.


Белгілі қалыпқа келтіруші Қырым Алтынбеков «Бұл жәдігер біздің қолымызға тиген кезде адамға түсініксіз бөлек-бөлек заттар болатын. Оның ішінде қайың қабығы, ағаш, қола, тері, жібек мата болатын. Мұның бәрі маңызды заттар. Әрбір жәдігер ақпарат тасушы. Біз сол тарихи жәдігерді зерттей отырып, тарихты жазамыз. Осының бәрін неше жыл бойы ғылыми түрде зерттеп, құрастырып шыққанда, мінекей, осындай Қимақ уақытындағы қылшан шықты. Бұл Жетісу бойында көп кездесе бермейтін жәдігер» деп қорытындылады.


Қылшанның тұсаукесерімен қатар музейде «Ұлы даланың ұлы мерекесі – Наурыз» аталып өтті. Мереке аясында туризм және БАҚ саласындағы әріптестерге музей ісіне қосқан үлесі үшін арнайы марапаттар тапсырылды. Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, музей басшылары, елімізге белгілі археологтар мен ғалымдар қатысты.

Дерексөз: ҚР Мәдениет жіне спорт министрлігі баспасөз қызметі