Оңтүстік Кореяда 3 қазақстандық жалған құжат жасау күдігімен тұтқындалды

0
552

Олардың Корея аумағында тұратын бірнеше шетелдікке босқын мәртебесін беру туралы өтінімді өтірік бергені анықталған.


Оңтүстік Кореяда 3 қазақстандық жалған құжат жасау күдігімен тұтқындалды

ERNUR.KZ. Оңтүстік Кореяда Қазақстанның 3 азаматы шетелдіктерге жалған құжат жасады деген күдікке ілінді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Корея Республикасының иммиграциялық билігі ақпаратына сәйкес, 12 ақпан күні Қазақстанның үш азаматы ұсталды. Оның екеуі тұтқынға алынып, үшіншісі елден кетпеу туралы қолхатпен бостандыққа жіберілді. Аталған мәселеге қатысты іс жергілікті прокуратураға жолданған. Азаматтар босқын мәртебесін алуға арналған өтінімге жалған тарих жасау және әлеуметтік желі арқылы шетелдіктерге, оның ішінде Қазақстан азаматтарына жекелеген құжаттарды дайындау күдігіне ілігіп отыр», - деді ресми өкіл ведомствода өткен апталық брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, тергеу барысында олардың Корея аумағында тұратын бірнеше шетелдікке босқын мәртебесін беру туралы өтінімді өтірік бергені анықталды.

«Оңтүстік Кореяның құқық қорғау органдары «Жеке мәліметтерді қорғау туралы» корей заңына сәйкес Қазақстан Елшілігіне ұсталғандар туралы жеке мәліметтерді және өзге де ақпараттарды беруден бас тартты. Бұған қоса, ұсталған Қазақстан азаматтары Сеулдегі Елшілігімізге жүгінген жоқ және Елшілік қызметкерлеріне ақпарат беруге мүдделі емес», - деді Айбек Смадияров.