Шамамен сағат 14.00-де әйел «102» телефонына қоңырау шалып, Абай полиция бөліміне бомба қойылғаны жөнінде хабарлаған.
ERNUR.KZ. Оралда полиция бөліміне жарылғыш зат «қойған» әйел ұсталды, деп жазады ҚазАқпарат.
Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 27 қаңтар күні болды. Шамамен сағат 14.00-де әйел «102» телефонына қоңырау шалып, Абай полиция бөліміне бомба қойылғаны жөнінде хабарлаған. Оқиға орнына барлық жедел қызмет өкілдері жеткен. Саперлар жарылғыш затты таппаған. Жедел іздестіру шаралары барысында осы қылмысқа күдікті ретінде 1985 жылғы әйел анықталып, ұсталды. Ол ҚР Қылмыстық істер жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес уақытша оқшаулау изоляторына қамалды.
«Қазіргі кезде ҚР ҚК-нің 273-бабына сәйкес (терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) тергеу амалдары жүргізілуде. Аталған әйел бұдан бұрын да дәл осы Абай полиция бөліміне бомба қойылғанын хабарлап, қылмыстық жауапкершілікке тартылған болатын. Алайда одан қорытынды шығармаған. Енді ол тағы да заң алдында жауап береді», - деді департаменттің баспасөз хатшысы Әлия Наурызғалиева.
Аталған бап бойынша кінәлі деп табылған күдікті бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылуы мүмкін. Сондай-ақ ол төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылуы, не бір жылға дейін бас бостандығынан шектелуі, не сол мерзімге бас бостандығынан айырылуы ықтимал.