Атыс болған сәт бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
ERNUR.KZ. Оралда түнде атыс болды. 24 жастағы ер адам зардап шегіп, қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Куәгерлер оны шабуылшылардан қалай жасырғанын айтып берді. Полиция жанжалға қатысы бар 20 адамды ұстады, деп жазады Tengrinews.kz.
Қарауыл Борис Федуркоға түнде болған атыс туралы әріптесі айтып берген. Оның сөзінше, сағат 23.00-ге қарай қансыраған жігіт қашып келген. Біреулер өлтіргісі келетінін айтып, жасыруын сұраған. Оның артынан бес адам келген. Қашқан жігітті табады. Сол кезде полиция келеді. Атыс болған сәт бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
"Бала жүгіріп келді, мені жасырыңыз деді. Әріптесім оны жасырды. Оның артынан 4 немесе 5 жігіт қуып келген, камерада көрініп тұр. Оны тауып алады және сол кезде полиция келіп, бәрін алып кетеді. Полицияны біздің басшылық шақырған. 24 жастағы жігітке оқ тиген. Ішкі органдары жарақаттанған. Дәрігерлер жағдайын аса ауыр деп отыр", - деді қарауыл Борис Федурко.
"Шұғыл ота жасалды, бірнеше жері - сол жақ өкпесі, диафрагма, асқазан, аш, тоқ ішек, бүйрек, көкбауыры зақымданған. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр", - деді облыстық көпбейінді аурухананың тамыр хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Ербол Есеев.
Полицейлер төбелескен 20 адамды ұстаған. Қазір оларды изоляторға қамау мәселесі шешіліп жатыр. Тергеу "Бұзақылық" бабы бойынша жүріп жатыр.
"Оқиға орнына полицияның жақын жердегі жасағы барды. Орал Полиция басқармасы қызметкерлерінің шұғыл-іздеу шаралары кезінде төбелеске қатысқандар анықталды және ұсталды. Қылмыстың себебі анықталып жатыр. Тек ер адамдардың арасындағы жанжал болғаны белгілі. Не үшін болғаны тергеу мүддесіне сәйкес айтылмайды", - деді БҚО ПД ресми өкілі Болатбек Белгібеков.