Қызметкерлерге қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды.
ERNUR.KZ. Орал қаласы тергеу изоляторының 4 қызметкері темір торға қамалғандарды азаптады деген күдікке ілінді, деп жазады inbusiness.kz.
БҚО ҚАЖД РУ-170/1 мекемесінің қызметкерлері 2021 жылдың наурыз айында бірнеше сотталғандар мен қамауға алынғандарға дене жарақатын келтірген. БҚО прокуратурасы өкілдерінің айтуынша, аталған қызметкерлер бұрын орын алған жанжал үшін тұтқындарды жазалағысы келген.
"Бұл іс-әрекеттер адам құқықтарын қорғау саласындағы Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттардың нормаларына қарама-қайшы. Тергеуде жасалған қылмыстық құқық бұзушылық туралы пайымдауға негіз болатын жеткілікті деректер жиналды", - деп түсіндіреді прокуроратура.
Тергеу изоляторларының қызметкерлеріне қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 146-бабы "азаптау" бойынша айып тағылып отыр. Қылмыстық іс Орал қалалық сотында қаралып жатыр. Екі сотталушыға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы, қалғандарына қатысты келу міндеттемесі таңдалған.