Тұрғын үйге мұқтаж ретінде бірінші болып Алматы қаласының 22 жастағы тұрғыны тіркелді.
ERNUR.KZ. Отбасы банктің («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» ақпараттық жүйесі 2025 жылғы 24 мамырда сағат 9.00-де іске қосылды. Ол orken.otbasybank.kz порталында орналасқан.
Тұрғын үйге мұқтаж ретінде бірінші болып Алматы қаласының 22 жастағы тұрғыны тіркелді. Порталда авторлану, өтінім беру, мемлекеттік деректер қоры бойынша тексеруден өту және есепке тұру үшін оған шамамен 10 минут қажет болды.
Платформа жұмысының алғашқы бес сағатында азаматтардан 29 498 өтінім түсті, оның ішінде 1 765 өтініш беруші тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке тұрды.
2025 жылғы 27 мамыр деректері бойынша orken.otbasybank.kz порталында 1 162 607 пайдаланушы авторландырылды. Бұл ретте есепке қою үшін өтініштер 199 952 адамнан келіп түсті. Оның ішінде 83 646 өтініш беруші тексеруден сәтті өтіп, тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке тұрды.
27 113 өтінім қаралуда.
59 923 адамға тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке қоюдан бас тартылды. Олардың көпшілігі немесе 21 523 өтініш беруші меншігінде тұрғын үйі болғандықтан есепке қойылмады.
Тағы 8 864 өтініш берушіге 3 жылдық тіркеудің жоқтығынан бас тартылды. Егер өтініш беруші Астанада, Алматыда немесе Шымкентте тұрса, есепке қою кезінде осы қалаларда 3 жылдық тіркеудің болуы талап етіледі.
22 650 өтініш берушіге мобильді нөмірінің және отбасы мүшелерінің мобильді нөмірінің мобильді азаматтар базасында тіркелмегеніне байланысты бас тартылды. Мобильді азаматтар базасында мобильді нөмірді тіркеу 1414 бірыңғай байланыс орталығынан хабарламалар мен СМС-парольдерді алу үшін қажет.
3 474 өтініш берушіге «Кезекте» жүйесі арқылы тұрғын үй кезегінде тұрғандықтан есепке қоюдан бас тартылды, тағы 3 412 өтініш берушіге қосымша құжаттарды тексеру қорытындысы бойынша бас тартылды.
Өтінім берген кезде не нәрсеге назар аудару керек?
- orken.otbasybank.kz порталындағы өтінім тек стационарлық компьютерден беріледі. Құжаттарды авторизациялау және одан әрі қол қою үшін қолданыстағы ЭЦҚ қажет.
- Егер orken.otbasybank.kz сайтын компьютер арқылы ашқан кезде өтініш беру түймесі болмаса, бұл парақтың үлкейтілгенін және сайт планшет немесе мобильді құрылғы үшін бейімделген нұсқаға ауысқанын білдіреді. Ол дұрыс жұмыс істеу үшін беттің масштабын 100% көлемінде жасау ұсынылады.
- Ұялы телефон немесе планшет арқылы авторизациялау және өтініш беру мүмкіндігі жоқ.
- оrken.otbasybank.kz порталында қазіргі уақытта мобильді құрылғылардың көмегімен анықтамалық ақпаратпен танысуға болады және егер азаматтар бұрын kezekte.kz платформасының көмегімен тұрғын үйге мұқтаждардың есебіне тұрса, кезектегі мәртебесін ғана біле алады.
Есепке алу кезінде сіздің мәртебеңізді қашан және қайдан көруге болады?
Отбасы банктің хабарлауынша, 2025 жылғы 24 мамырға дейін kezekte.kz сайтының көмегімен тұрғын үй кезегінде тұрған қазақстандықтарға қазір қайтараесепке тұрудың қажеті жоқ.Олар кезек нөмірін және ағымдағы кезек мәртебесін жоғалтпайды. Кезекте тұрғандардың барлық базасы әкімдіктерден 2025 жылғы 17 маусымнан кейін Отбасы банкке беріледі. Бұл мерзім әкімдіктер үшін 2025 жылғы 24 мамырға дейін қабылданған барлық өтінімдерді өңдеуге және тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қоюға уақыттың қажет екендігіне байланысты. Осыдан кейін азаматтар өздерінің есепке тұру күні мен санатын orken.otbasybank.kz порталынан көре алады, сондай-ақ олардың ілгерілеуін бақылай алады.
24 мамырдан бастап тұрғын үйге мұқтаж ретінде orken.otbasybank.kz порталының есебінде тұрған қазақстандықтар өздерінің мәртебесін банктің ресми сайты арқылы да қадағалай алады. Онда ай сайын тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың тізімдері жарияланады.
Сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын алған және тұрғын үй мәселесін шешкен қазақстандықтардың тізімдері де orken.otbasybank.kz порталына жарияланады. Тізімнен есепке қою күнін және қолдау шарасын көруге болады.
Осылайша, банк жеңілдетілген заемдар беру және тұрғын үйге мұқтаж адамдарға басқа да мемлекеттік қолдау көрсету процесінде толық ашықтықты қамтамасыз етеді.