Сондай-ақ табиғат қорғау мекемелері қызметкерлері, тракторшылар, бухгалтерлер, заңгерлер жалақысын 25% - ға арттыру көзделген.
ERNUR.KZ. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар басқармасының басшысы Бексұлтан Меирбеков айтты, деп жазады baq.kz.
Ормандарды өрттен және заңсыз ағаш кесуден авиациялық қорғау бойынша мемлекеттік орман қоры аумағында жұмыс істейтін мамандарға мал жаю және шөп шабу үшін жер учаскелерін беру арқылы орман саласы қызметкерлерін құқықтық және әлеуметтік қорғауды күшейту, сондай-ақ табиғат қорғау мекемелері қызметкерлері, тракторшылар, бухгалтерлер, заңгерлер жалақысын 25% - ға арттыру көзделген, - деді ол брифингте.
Брифинг 2025 жылғы 26 маусымда Мемлекет басшысы қол қойған орман ресурстарын тиімді басқаруға, экожүйелердің тұрақтылығын арттыруға және биоәртүрлілікті қорғауға бағытталған “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің міндеттемелеріне кепілдік беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңына арналды.
Айта кетейік, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары бастамашылық еткен заңда төмендегідей түзетулер көзделген:
- әлеуметтік инженерлік инфрақұрылым объектілері орналасқан ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерін ауыстыру бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
- ерекше қорғалатын табиғи аумақ жерлерін аудармай, туризм нысандарына инженерлік инфрақұрылым және азаматтық қорғаныс нысандарын салу
- жаңа орман екпелерін отырғызуға және тозған жерлерді қалпына келтіру арқылы, мемлекеттік орман қоры жерлерінде және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда көміртегі бірліктеріне құқық иелік ету және көміртегі офсеттерін сату;
- төтенше жағдайға ден қою кезінде уәкілетті органдар мен ұйымдарды басқару және өзара іс-қимыл алгоритмінің тәртібін белгілеу, сондай-ақ орман өрттерін сөндіру үшін авиаотынның резервтік қорларын құру, орман саласы қызметкерлерін құқықтық және әлеуметтік қорғау, сондай-ақ, заң шеңберінде жеке кәсіпкерлік субъектілерінің міндеттемелеріне кепілдік беру бойынша түзетулер көзделген.