Орталық сайлау комиссиясы Парламенттің жаңадан сайланған екі депутатын тіркеді

0
448

3 мамырда Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтіп, екі қаулы қабылданды.


Орталық сайлау комиссиясы Парламенттің жаңадан сайланған екі депутатын тіркеді

ERNUR.KZ. Орталық сайлау комиссиясы шығып қалғандардың орнына сайланған Парламент депутаттарын тіркеді, деп жазады ҚазАқпарат.

3 мамырда Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтіп, екі қаулы қабылданды.

Оның біреуі - Парламент Сенатының шығып қалған депутатының орнына Алматы облысынан сайланған депутатты тіркеу туралы қаулы. Орталық сайлау комиссиясы Жанболат Әкебайұлы Жөргенбаевты ҚР Парламенті Сенатының депутаты ретінде тіркеуге қаулы етті.

Екіншісі - Қазақстан халқы Ассамблеясынан шығып қалған депутаттың орнына 28 сәуірде сайланған Парламент Мәжілісінің депутатын тіркеу туралы қаулы. Оның негізінде Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған Закиржан Пірмұхамедұлы Кузиевті Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде тіркеді.

Сондай-ақ, осы күні Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Парламент депутаттары Жанболат Жөргенбаев пен Закиржан Күзиевке куәлік пен омырауға тағатын белгілерді табыс етті.

Жиын барысында ол аталған халық қалаулыларының Алматы облыстық мәслихатындағы белсенді депутаттық қызметін ерекше атап өтті.

Сөзінің соңында Нұрлан Әбдіров сайланған депутаттарға республиканың заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді органында табыс пен жемісті жұмыс тіледі.

Еске сала кетейік, біз бұған дейін Жанболат Жөргенбаев пен Закиржан Кузиевтің сайлауда басым дауыс жинап, депутат атанғанын жазған болатынбыз.