"Өсекші": Мұғалімнен сөз естідім деген оқушы мектепке барудан қалған (видео)

0
1 657

Мұғалімнен ұрыс естіген оқушының денсаулығы да сыр берген, сәл уайымдаса, мұрнынан қан ағады.


фото кадрдан

ERNUR.KZ. Семейдің №19 мектебінің бесінші сынып оқушысы төртінші тоқсанда мектеп табалдырығынан аттап баспаған. Бұған себеп - мұғалімдердің оны "өсекші" деп балағаттауы болған, деп хабарлайды ktk.kz.

Анасының сөзінше, ұстаздар қызын сыныптастарының көзінше «өсекші» деп жер-жебіріне жетеді екен. Мұны естіген оқушылар қызын мазақ етуге көшкен. Мұндай қорлыққа шыдамаған бала әбден күйзеліске түсіпті.

"Тарих мұғалімі маған ұрысады. Сенің анаң-анаң дей береді. Қатты айғайлайды. Қыздар мені қасына қоспайды. Өзім жалғыз жүрем. Сен өсекшісің дейді", - дейді жеткіншек.

Осындай қарым-қатынастан кейін қыз бала күйзеліске ұшыраған. Себепсіз жылайды екен. Денсаулығы да сыр беріпті. Сәл уайымдаса, мұрнынан қан ағады.

Ал анасы бұл жағдайды айтып, талай табалдырық тоздырған. Алайда қол ұшын созатын адам табылмағанына ренжулі.

"Ата-анамен директор арасында ешқандай қарым-қатынас жоқ. Қашан барсаң да, директор дауыс көтереді. Одан кейін айтқан сөзін мойындамайды",- дейді оқушының анасы Айнұр Баскенова.

Кішкентай қыз көңілі қалған мұғалімдердің сабағынан қашуды əдетке айналдырған. Тіпті оны мектеп ұжымы мен ата-анасы бірігіп іздеген күндер де болыпты.

Дегенмен №19 мектеп басшылығы бар кінəрат оның анасында екенін айтады. Олардың сөзінше, Айнұр Баскенова екі күннің бірінде мектепке келіп ұстаздарға тіл тигізетін көрінеді. Одан қалса, видеоға түсіріп қорқытып-үркітеді дейді.

"Бала бірінші сыныптан бері сабақ үстінде мұғалімнің сөздерін таспаға жазады. Бұл жаман қылық. Ол сабақ оқу керек. Соны айтсаң – анасы қолдайды. Одан қалса, өзі мұғалімдерге хабарласып, оларды видеоға түсіріп мазаларын алады. Енді бұл мәселені бір жақты қылу үшін сотқа шағым түсірдік",- дейді мектеп директоры Әсия Ақмерова.

Жергілікті білім бөліміндегі мамандар ата-ана мен ұстаздар арасындағы даудан хабардар. Қазір олар екі тарапты татуластыра алмай əлек.

Дегенмен, оқушы қандай жағдай болмасын сабақтан қалмауы тиіс деп отыр. Ол үшін полиция қызметкерлеріне шағым түсірмек. Алайда баламды балағаттады деген ата-ана білім министрлігінің араша түсуін сұрайды.