Ондай отбасылар нағыз мұқтаждардың жолын кесіп жатыр.
фото: Санат Имангалиев
ERNUR.KZ. Мәжілісте мемлекеттен көмек алу үшін әдейі ажырасатын ерлі-зайыптылардың әрекетін алаяқтыққа теңестіру ұсынылды, деп жазады sputnik.kz.
Депутат Жарқынбек Амантайұлының айтуынша, соңғы кезде жалған ажырасу фактілері көбейді. Оны жергілікті әкімдіктер де растап отыр. Ал өтірік ажырасқандардың көздегені – оңай жолмен пайда табу.
"Мәселен, 2015 жылы ресми ажырасып, мемлекеттен көмек алып, әлеуметтік осал топтың қатарына еніп, тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларда 2017, 2020 жылы ортақ балалары дүниеге келіп, әкесінің тегін алған. Тіпті, ағайын-туысы да көрші-қолаңы да олардың ешқашан ажыраспағанын айтады. Яғни, кейбір отбасылар саналы түрде құжат негізінде ажырасқанымен бір үйде тұрып, бала тәрбиесімен бірге айналысып, тіршілік етуде. Мұндай қадамға барған жанұялар мемлекеттен субсидия мен жеңілдік алу үшін барын салады", - деді Амантайұлы мәжілістің бүгінгі отырысында.
Ондай отбасылар нағыз мұқтаждардың жолын кесіп жатыр. Олар тауқымет тартқан талай отбасының алдына орап, кезегін кешіктіріп, обалына қалып отыр.
"Олардың арасында мемлекеттік қызметте және бизнесте жүрген жағдайлы отбасылар кездеседі. Яғни, тегін келетін үйдің кезегіне тетігін тауып тұрып алған. Тіпті, зәулім үйлерде тұрып, атаулы әлеуметтік көмекті алудан да бас тартпай отырғандар қаншама?!", - деп атап көрсетті депутат.
Оның айтуынша, құқықтық тұрғыда "жалған некенің" де, "жалған ажырасудың" да табиғаты алаяқтықпен тең.
"Отбасы құндылықтарын дәріптейтін "Неке және отбасы туралы" заңында жалған ажырасуды реттейтін бап та, норма да жоқ. Міне, осы заңды жетілдіретін кез келді. Некені сақтау мен жалған некені алдын алуда халықаралық тәжірибені саралап, тиімді тұстарын басшылыққа алу қажет", - деді Амантайұлы. Сондай-ақ, мәжілісмен мемлекеттік тіркеусіз жасалатын діни неке және азаматтық некені ретеудің де тетігін қарастыру қажет деп санайды.