Реабилитациялық орталықтың директоры әрі иттердің иесі Алмаз Халиевтің айтуынша, балалар өздері орталық аумағына жақындап, иттерді ашуландырған.
ERNUR.KZ. Алматы облысы Жалпақсай ауылында 10 жастағы балаға иттер шабуыл жасады. Иттердің иесі жағдайдың БАҚ-та айтылғандай болмағанын айтып, Almaty.official парақшасына өз нұсқасын айтып берді, деп жазады baq.kz.
Реабилитациялық орталықтың директоры әрі иттердің иесі Алмаз Халиевтің айтуынша, балалар өздері орталық аумағына жақындап, иттерді ашуландырған.
Олар дуалға шығып, иттерді ашуландырды. Аулада 5 айлық екі күшік болған, ересек иттер вольерде тұрған. Балалардың бірі екіншісін қоршалған аумаққа итеріп жіберген болуы мүмкін, – дейді ол.
Ит иесінің сөзінше, аумақта бейнебақылау камералары орнатылған. Камераға балалардың орталыққа кіріп жатқаны түсіп қалған. Бірақ кейін олар кадрдан көрінбей кетіп, тек дыбыс жазылып қалған.
Біреуінің құлап, айқайлағаны естіледі. Екіншісі жүгіріп шығып, көмекке шақырған сияқты, – дейді ол.
Орталық иесінің айтуынша, балаға тек күшіктер шабуыл жасауы мүмкін. Өйткені ересек иттер вольерде жабық тұрған және сыртқа шығуға мүмкіндігі болмаған.
Бұлар кішкентай ғана күшіктер еді. Олар өздері қақпаны аша алмайтын. Қақпаны ашқан – баланы құтқарған ер адам. Бірақ ол ішке кіріп, сол екі күшікті пышақтап тастады. Олар зиянсыз болатын, – деп мәлімдеді Халиев.
Сондай-ақ ол иттердің орталық аумағынан шықпағанын айтады.
Иттер орталықтан сыртқа жүгіріп шыққан жоқ. Күшіктерде бұл уақытта әлі агрессия жоқ. Жағдай ішкі аумақта болған, сыртта емес, – деді ол.
Халиевтің айтуынша, иттер орталық аумағында тұрады және белгілі бір дәрежеде күзет қызметін атқарады. Ол барлық жануар ұстау ережелерін сақтайтынын, ал дуалда бірнеше жылдан бері “Абайлаңыз, ашулы иттер!” деген ескерту тақтайшасы ілулі тұрғанын жеткізді.
Еске салайық, оқиға куәгерлерінің айтуынша, иттер жеке аумақтан шығып кетіп, 10 жасар балаға шабуыл жасаған.
Екі ер адам баланы зорға құтқарып қалған. Бала ауыр жарақат алған, құлағы жұлынған, денесінде көптеген тістелген жаралар бар. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр.
Алматы облысы полициясы желіде тарап жатқан “қабаған иттің шабуылын тоқтатқан тұрғынды жауапқа тартады” деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтты.
Аталған азаматқа қатысты процессуалдық шешімдер қабылданбаған.